31 мамырда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабановтың ұсталғанын хабарлады. Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол "Құмтөр" алтын кенішіне қатысты жобаны жүзеге асыру кезіндегі жемқорлық фактісі бойынша ұсталған.
Істің жай-жапсары хабарланбады. Комитет "Құмтөр" жобасын жүзеге асыру кезіндегі жемқорлық фактісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын, Бабанов тергеу кезінде анықталған дәлелдер негізінде ұсталғанын айтады.
17 мамырда Жогорку Кенеш отырысында ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев "Құмтөрге" байланысты төрт қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқан. Сөзінше, бір істе бұрынғы премьер Мухаммедкалый Абылгазиев күдікті. Ол 2021 жылы қаңтарда ұсталған.
Ташиевтің айтуынша, "Құмтөр" жобасы бойынша істерде "көптеген шенеунік, министр және депутаттар" күдікті ретінде танылған, тағы бір экс-премьер Темір Сариев те осы іс бойынша тергеуге куәгер ретінде шақырылған.
"Республика" партиясының құрушысы және экс-лидері Бабанов 2011-2012 жылдары Қырғызстан премьері болған. 2017 жылы президент сайлауына қатысып, екінші орын алған. Сайлаудан соң ол саяси карьерасын аяқтайтынын айтып, Мәскеуге кеткен еді. 2019 жылы тамызда ол Қырғызстанға оралған.
Бабанов Қырғызстанға келген соң ҰҚМК мен қаржы полициясына бірнеше рет тергеуге шақырылған. 2020 жылы 29 тамызда кезекті тергеуден кейін ол Азаттықтың Қырғыз қызметіне "сегіз қылмыстық іс бойынша жауап беріп жатқанын" айтқан. Биыл наурызда ҰҚМК Бабановқа қатысты қозғалған іс тоқтатқанын, ол мемлекетке қолдау ретінде 100 млн сом () аударғанын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР