Accessibility links

"ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған астаналық белсенді сотта судьяға сенімсіздік білдірді


31 мамырда Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған азаматтық белсенді Жәнібек Жүнісовтың ісін онлайн режимде қарай бастады.

Сот отырысының басында Жәнібек Жүнісов істі қарап жатқан судья Ибрагим Әлкеновке сенімсіздік білдірді.

- Судья Әлкенов азаматтық белсенділерге қатысты көптеген істі қарап жатыр. Мен ол "тек қана соттау керек" деген позицияда тұр деп санаймын. Оның әділдігіне күмәнданамын. Ол тек прокурордың тарабын қолдап отыр. Судьяны ауыстыруды сұраймын, - деді ол.

Судья отты ауыстыруға қатысты өтініш жазбаша берілуі тиіс екенін, сондықтан сот отырысы 7 маусымға ауыстырылатынын жариялады.

35 жастағы Жәнібек Жүнісов Faсebook желісіндегі жазбалары үшін айыпталып жатыр. Тергеу оны елде тыйым салынған ұйым "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын насихаттап, "Көше партиясын" қолдады деп айыптаған.

Оның қоғамдық қорғаушысы Серік Жүнісовтің сөзінше, екі томнан тұратын қылмыстық істегі негізгі дәлел – Faсebook желісіндегі Жәнібек Жүнісовтің жеке парақшасындағы скриншоттар мен лайктер, көшірмелер. Серік Жүнісовтің сөзінше, сот филологиялық сараптама оның жазбасында қоғамға қауіп төндіріп, билікті құлатуға, алауыздық тудырған шақыратын сөздер жоқ екенін айтқан.

Нұр-Сұлтанда сәуірден бері белсенділер Асқар Қайырбек, Ербол Есхожин, Әлия Жакупова, Айнұр Мырзалиева, Әсел Оңланбекқызы, Серік Жахин, Алтын Лесбаева, Айдар Сыздықов сынды белсенділерге қатысты сот процесі өтіп жатыр. Олардың төртеуі сот тергеуі аяқталғанға дейін қамауға алынған. Белсенділерге Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-тармағы ("Сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша айыпталған.

Ал тағы бір белсенді Айбек Сәбитов осы бап бойынша 13 мамырда сот шешімімен айыпты деп танылып, бас бостандығы 1 жыл 10 айға шектелген. Оған үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Бірақ ол кінәсін мойындаған жоқ.

  • Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
  • ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
  • Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG