Accessibility links

Зеленский Ресей мен Беларусь одақ құрса, Украинаға қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен Беларусь одақ құрса, Украинаға қауіп төндіруі мүмкін деп санайды. Зеленский бұл жөнінде Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына берген сұхбатында айтқан. Сұхбат 31 мамырда жарияланды.

"Ресей мен Беларусьтің ынтымақтастықты арттырып отырғанына куә болып отырмыз. Олар қорғаныс саласында біріксе, бізге қатты қысым жасауы мүмкін" деді Зеленский. Оның сөзінен ТАСС агенттігі үзінді келтірді.

"Бұл тұрғыда Ресей мен Беларусь нағыз одақтас мемлекеттерге айналуы мүмкін, осындай қауіп көріп тұрмын" деді Зеленский.

Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, Украина президентінің бұлайша мәлімдеме жасауына соңғы оқиғалар әсер еткен болуы мүмкін:

  • 2021 жылдың 4 ақпанында ресейлік БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде Владимир Путин "Қалай болғанда да Донбасты тастамаймыз" деп мәлімдеді.
  • Наурыз айының соңында Ресей "әскери дайындықты тексереміз" деген желеумен Украинамен шекарада әскерін көбейтті.
  • Сәуір ортасына дейін шекара маңына шоғырланған әскер 103 мыңнан асты. Украина әскері айдың соңына дейін олардың саны 110 мыңға дейін жетеді деп болжаған.
  • 13 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон әңгімеде АҚШ Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұдан әрі қарай да қолдай береді деп атап өтті. Сәуір айында The Sunday Times басылымына берген сұхбатында британдық барлау қызметінің жаңа басшысы Ричард Мур Ұлыбритания мен АҚШ-тың Ресейді Украинаға басып кірген жағдайда салдары ауыр болады деп ескерткенін растады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG