Accessibility links

Мамай сотының әділ өтуін талап еткен бірнеше адамды полиция кеттлингке алды


Полиция Жанболат Мамай жақтастарын кеттлингке алып тұр. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2021
Полиция Жанболат Мамай жақтастарын кеттлингке алып тұр. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2021

Белсенді Жанболат Мамайдың жақтастары 31 мамырда жоғары сотқа барып, белсендіге әділ сот шешім шығаруды талап етті.

Қолдарына "Белсенділерді сотқа тарту тоқтатылсын!", "Жанболатқа әділ сотты талап етеміз!", "Жерімді қайтар Асанов!" деген плакаттар көтеріп шыққан алты адамның жолын полиция бөгеп, арнайы жасақ қоршауға алып, аздан соң босатты. Олар өздерін тіркелмеген Қазақстанның демкоратиялық партиясы бастамашыл тобының мүшелеріміз деп таныстырды. Наразылар Жанболат Мамай мен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің арасындағы сот процесінің әділ өтуін талап етіп, Байбекті айыптаған ұрандар айтты.

Жанболат Мамайдың жақтастары сот әділдігін талап етіп жоғары сотқа барды. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2021
Жанболат Мамайдың жақтастары сот әділдігін талап етіп жоғары сотқа барды. Нұр-Сұлтан, 31 мамыр 2021

Жиналғандардың арасында Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Бұлақты ауылынан келген медбике Күлия Смағұлова да бар. Ол өзіне әкесі 2013 жылы сатып әперген 8 сотық жерін сот шешімімен тартып алғанын айтып, жерін қайтаруды талап етті.

- Мен әділетсіздікке күйініп келіп тұрмын. Ол жерге мен несие алып, үй салған едім. Сот орындаушысы келіп қиратып тастады. Қазір үй жалдап жүрмін. Далада қалдым. Ол сенің жерің емес дейді. Мен оны қалай алып, үйді қалай салғанымды көрген көршілерім бар, төлеген салығым бар оның бәрін ескермеді,- деді ол.

Жиналғандар Күлия Смағұлованың шағымын дереу қарап, оң шешім шығаруды талап етті.

Кейін ҚДП жақтастарымен президент жарлығымен "теріс қылығы үшін" жұмыстан босатылған Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы, қазіргі жоғары сот кеңсесі басшысы Мәлік Кенжалиев жолықты. Ол наразыларды талаптарына орай жоғары соттың бөлім басшысы мен Жақып Асановтың көмекшісі қабылдайтынын айтты.

Қазір Алматыдағы Әуезов аудандық №2 сотында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру" бабы бойынша шағымы қаралып жатыр.

Қазақстанда әділ сотты талап еткен наразылықтар жиі өтіп тұрады. Бұған дейін елдің әр өңірінен келген азаматтар Нұр-Сұлтанда жиналып, "Нұр Отан" партиясының ғимараты алдында да түнеген. Билік ведомствоаралық комиссия құрылатынын айтқанмен әзірге нәтиже көрінбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG