Accessibility links

Алматы "қызыл аймақтан" шықты, Қазақстанға қытайлық вакцинаның тағы бір түрі жеткізілді


Екпе пункті. Көрнекі сурет.
Екпе пункті. Көрнекі сурет.

1 маусым күнгі ақпарат бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары "қызыл аймақта" қалған. Елдегі ең ірі қала Алматы қаласы "қызыл аймақтан" шықты. Қазір "сары аймақта" Алматыдан бөлек, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Қалған облыстар мен қалалар "жасыл аймақта".

Өткен тәулікте 1123 адамның анализінен коронавирус анықталған. 30 мамыр күнгі мәліметке сәйкес, 11 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 22 адам қайтыс болған: 19 адам - коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

31 мамырда Қарағанды облысында – 259, Нұр-Сұлтанда – 142, Алматыда – 195, Ақмола облысында – 79, Алматы облысында – 60, Павлодар облысында – 60, Батыс Қазақстан облысында 56 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 20, Ақтөбе облысында – 11, Атырау облысында – 30, Шығыс Қазақстан облысында – 71, Жамбыл облысында – 29, Қостанай облысында – 40, Қызылорда облысында – 9, Маңғыстау облысында – 8, Солтүстік Қазақстан облысында – 41, Түркістан облысында 13 науқас тіркелген.

Індет басталғалы бері 387 672 адамның ПТР тесті оң шыққан. 3974-і қайтыс болған. Қазір 26 мыңға жуығы емделіп жатыр.

Ал 2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 55 263 адамға жетті. 3369-ы қайтыс болған. Қазір 521-і емделіп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 629 науқастың жағдайы ауыр, 148 науқастың жағдайы өте ауыр, 95 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Соңғы мәлімет бойынша, 2 млн 131 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 74 мың адам екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы егіліп жатыр.

1 маусымда елге коронавирусқа қарсы қытайлық екпенің тағы бір түрі – CoronaVac вакцинасының алғашқы партиясы (500 мың доза) жеткізілді. Министрлік алдағы уақытта барлық екпе пунктерінен CoronaVac-ті салдыруға болатынын хабарлады. Препарат Қытайдың "Sinovac Biotech Ltd" биофармацевтикалық компаниясында өндірілген. Екі дозалық вакцина 14-28 күн аралығында салынады. +2 +8 градус аралығында сақталады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 170 млн 587 мың адамнан коронавирус анықталған. 3 млн 547 мың адам қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG