Accessibility links

"Балаларды әке-шешесімен қауыштырсын!" Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа 114 күн


Назарылар Қытай консулдығы алдына балаларды ертіп шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

1 маусым – Балаларды қорғау күні Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңнан жақындарын қайтаруды талап еткен 20 шақты адам наразылық акциясын өткізді. Алматыдағы акцияға шамамен 120-280 шақырым жердегі Жаркент, Шелек елді мекендерінен де адамдар келіп қатысты. Кейбірі бала-шағаларын да ертіп келді.

– Қайным Серік Бабайұлы, келінім Ұлжалғас Нұрғазықызының Қытайға кетіп, әлі оралмағанына бір жыл алты ай болды. Олар үйқамақта отыр. Екі баласы менде. Біреуі алтыға келді, біреуі төртте. Не мектеп алмайды, не ауруханаға көріне алмайды. Отбасында біраз қиындығымыз бар. Енеміз сырқат. Қант диабетімен ауырады. Үш адамды бірдей баққаныма 1,5 жыл болды. Не шекараны ашып, баланы әке-шешесімен қауыштырсын не болмаса ол жақтағы әке-шешесін бері қарай жіберсін. Бір отбасыны екіге бөлмесін. Талабым осы, – деді Шелек өңірінен келген Жайнагүл Егінбай Азаттық тілшісіне.

Қазақша киінген кейбір балалар әке-шешесінің суреттерін ұстап тұрды.

Қытай консулдығы маңында әке-шешесінің суретін ұстап тұрған балалар және олардың жақындары. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.
Қытай консулдығы маңында әке-шешесінің суретін ұстап тұрған балалар және олардың жақындары. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.

Полиция шараны сырттай бақылады. Жергілікті әкімдік өкілі келіп, акцияның "заңсыз" екенін айтып, ескертіп кетті.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылықтың өтіп жатқанына осымен 114 күн болды. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда қалған жақындарын қайтаруды талап етеді. Онда қалғандардың кейбірі түрмеге қамалған. Жақындары оларды Қытай полициясының негізсіз қамағанын алға тартады.

Ақпан айында басталған наразылыққа қатысқандардың кейбірі бұған дейін екі рет әкімшілік жазаға тартылған. Наразылар осыған дейін консулдықтан бөлек, қаладағы Қытайға қатысы бар мекемелер: Қытай банкі, Синойл компаниясы алдында да акция өткізген.

Үш айдан астам уақыт аралығында Қытай консулдығынан наразылардың алдына ешкім шыққан жоқ.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер кейінгі жылдары Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
  • АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланды және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
  • Қытайға экономикасы кіріптар Қазақстан билігі Пекиннің саясатын ашық сынаудан тартынады. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңда қалған қазақтардың туыстарының арыз-шағымын "дипломатия жолымен" қарайтынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG