Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 маусымда Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы әңгімелесіп, Нұр-Сұлтанның "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында Қазақстан аумағынан өтетін көлік транзиті бағдарын әрі қарай да "әртараптандыруға" күш салатынын айтты. Ол сонымен бірге қазақ-қытай шекарасындағы автомобиль және теміржол өткізу пунктерінің жұмысы мен екі ел арасындағы әуе қатынасын тезірек қалыпқа келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Қытай басшысы сұхбат барысында тараптардың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында құрылысты әрі қарай жалғастыруы қажет екенін, өндіріс қуаты, сауда, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым сияқты салалардағы әріптестікті нығайту қажеттігін атап өткен. Бұл туралы қытайлық Синхуа агенттігі жазды.
Ақпаратқа қарағанда, екі ел жетекшісі Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылаған. Қазақстан президенті көрші елдің басшысын "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында қаржы, цифрландыру және "жасыл" технология саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге шақырған.
"Бір белдеу – бір жол" – Си Цзиньпин үкіметінің сыртқы саясатта жүзеге асырып жатқан басты жобасы. Жоба Шығыс жартышарды көктеп өтетін үш құрғақ және екі теңіз дәлізін ашуды көздейді. Қытай жобаны оған қатысқан кейбір елдерді әуелі экономикалық, кейінірек саяси тұрғыда бағындыру үшін пайдаланады деген қауіп бар. Батыста Пекиннің бұл жобасын "Қытайдың жұмсақ күші" ретінде қарастырады және оған қатысқан елдерді Пекин қарызға кіргізіп, өтей алмаған жағдайда жерін немесе инфрақұрылым нысандарын несие өтемі ретінде алады деп санайды.
Қазақстанның Қытай алдындағы қарыз мәселесі 2019 жылы елдің бірнеше қаласында өткен митинг, акцияларда көтерілген. Оған қатысушылар билікті Қытайға жер бермеуге және Пекинмен инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруды тоқтатуға шақырған.
Тоқаев пен Си Шыңжаңда ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілді байырғы топ өкілдерін қуғындау туралы шағымдар толастамаған шақта сұхбаттасып отыр. Алматыда ақпан айынан бері Қытай консулдығы алдында бір топ адам Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп келеді. Қытай билігін "геноцид" үшін сынаған наразылар Қазақстан билігін шекарадағы қандастардың тағдырына жаны ашымайды деп кінәлайды.
Қазақстан президенті әкімшілігінің сайтында жарияланған хабарламада Шыңжаңдағы қуғын мәселесі талқыланған-талқыланбағаны айтылмаған. Мемлекет басшысы Қытай тарабына жақында елге жеткізізген коронавирусқа қарсы Sinovac вакцинасы үшін алғыс айтқан.
– Қытай біздің мәңгі көршіміз әрі досымыз. Біздің бейбітшілік пен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген ортақ шекарамыз бар. COVID-19 індеті таралған күрделі кезеңде өзара қолдау көрсеткеніміз – мызғымас достықтың айқын үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2019 жылы Қытайдың CCTV арнасына берген сұхбатында Тоқаев Нұр-Сұлтан Пекинмен стратегиялық әріптестікті нығайтуға күш салады деп айтқан.
Қазақстан билігі Қытай саясатын ашық сынамайды. Экономикалық тұрғыда көршісіне тәуелді Қазақстан Шыңжаңдағы қуғын мәселесін "дипломатиялық арналар" арқылы қарастырып жатқанын айтады.
- БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер кейінгі жылдары Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
- АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланды және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
ПІКІРЛЕР