Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы бұрынғы шенеуніктің адвокаттары әлеуметтік желіде хабарлады.
Адвокат Ерлан Мәкеновтің айтуынша, сот оның жасы мен айыппұлының жоқтығын ескерген.
Екі күн бұрын malim.kz сайты Ислам Әбішевтің ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған еді. Адвокат Абзал Құспан Әбішевтің денсаулығына байланысты соңғы жарты жылда ем қабылдау бойынша өтініштер түсірсе де, тұтқынның емделмегенін айтқан.
2020 жылы 18 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны "еншілес компаниядан 60 миллион теңге көлемінде пара алуға әрекеттенгені үшін" бес жылға бас бостандығынан айырған. Қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеуге жіберген.
Ислам Әбішев 2012 - 2013 жылдары және 2014 жылдан 2019 жылдың наурызына дейін ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
ПІКІРЛЕР