Accessibility links

Жүзден астам адам ауырған Қызылжарда СЭС мамандары судың ластанғанын анықтады


Зертханаға жіберілген су үлгілері.

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында жүзден астам адамның бір мезетте ауырып, дәрігерге шағымдануына судың ластануы себеп болуы мүмкін. Бейсенбі күнгі брифинг кезінде жергілікті СЭС мамандары ауыз судың құрамындағы микробтар мөлшері нормадан асып кеткенін хабарлады. Бұл туралы Қазақпарат жазды.

28 мамыр мен 3 маусым аралығында Бескөл ауылының 130-дан астам тұрғыны жүрек айну, іш өту белгілерімен дәрігерлерге шағымданған. 18 адам ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, алдын ала диагнозы – анықталмаған энтеровирустық инфекция.

"Санэпидқызметтің мамандары эпидемияға қарсы профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр. Тұрғын үйлерден және халық жазда шомылатын Есіл өзенінен санитарлық-химиялық, бактериологиялық және вирусологиялық сынама үлгілері алынды. Бактериологиялық көрсеткіштер оң шықты. Алты науқастың үйінен алынған сынама үлгілерінде микробтар мөлшері нормадан асып кеткен. Бұл судың ластанғанын көрсетеді, қосымша сараптама тағайындалды" деді Қызылжар ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі басқарма жетекшісі Жангелді Ибраев.

Мамандар сынама үлгілеріндегі микробтардың көптігі сонша оларды тіпті санап үлгере алмағанын айтты. Қазір олардың түрін анықтап жатыр. Судың ластануына не себеп болғаны да зерттеліп жатыр.

Елді мекенді сумен қамтамасыз ететін мекеме өкілдері ұзындығы 30 шақырым болатын 1970 жылғы су құбырларының тесілуі мүмкін екенін айтқан. Олардың ойынша, құбырларды заңсыз кесіп әкету де судың ластануына себеп болуы мүмкін.

Жергілікті билік тұрғындарға әзірге суды қайнатып ішуге немесе сатып алуға кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG