Accessibility links

Бішкекте ондаған адам із-түзсіз жоғалған түрік мектептер желісінің басшысын табуды талап етті


Орхан Инанды табуды талап еткен топ парламент ғимаратының алдында наразылық өткізіп тұр. 3 маусым 2021 жыл.
Орхан Инанды табуды талап еткен топ парламент ғимаратының алдында наразылық өткізіп тұр. 3 маусым 2021 жыл.

3 маусымда ондаған адам қырғыз парламентінің алдында үкіметтен із-түзсіз жоғалған "Сапат" түрік мектептер желісінің жетекшісін табуды талап етті.

Орхан Инанды түріктің арнайы қызметі ұрлап әкетті деп санайтын наразылар бұған дейін Түркияның Бішкектегі елшілігі мен үкімет ғимараты алдында акция өткізген.

Демонстранттардың қолында "Орхан – қырғыз азаматы. Оны тап!" деген жазуы бар плакаттар болды. Қырғызстанда 1995 жылдан бері тұрып келген, Қырғызстан азаматтығы бар Инан 31 мамыр кешке қарай жоғалған.

Оның көлігі есігі ашық күйде 1 маусым таңертең Бішкек маңындағы елді мекеннен табылды. Ондағы құнды заттар ұрланбаған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ішкі істер министріне Инанды іздеу жөнінде арнайы тергеу тобын құруды тапсырды. "Сапат" түрік мектептер желісінің директоры Нұрлан Құдайбердиев 1 маусымда Инанды түріктің арнайы қызметі ұрлап кетуі мүмкін деп мәлімдегенмен болжамын растайтындай айғақ көрсетпеді.

2019 жылы Анкара ресми түрде Бішкекке сұрау салып, "Сапат" желісінде істейтін екі азамат – Синан Йылмаз бен Санжар Абдулхакимді экстрадициялауды сұраған. Түрік тарабы оларға іздеу жарияланғанын айтса да, нақты қандай айып тағылғанын түсіндірмеген.

Қырғызстан бас покуратурасы бастапқыда Анкараның өтінішін орындауға оқталғанмен наразылықтан кейін Бішкек соты шешімнің күшін жойған.

Соңғы бес жылда Түркия Қырғызстаннан "Сапат" түрік мектептер жүйесін жабуды талап етіп келеді. Анкара аталған білім беру мекемелерінің АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысты екенін алға тартады.

Түркия билігі Гүленді 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптап, АҚШ-тан оны беруді бірнеше рет талап еткен. Ал Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG