Accessibility links

Түркістан облысында жолдың ақылы болуына қарсы шыққан адамға айыппұл салынды


Түркістан қаласы маңында жолдың ақылы болуына наразы жүргізушілер. Түркістан облысы, 31 мамыр 2021 жыл.
Түркістан қаласы маңында жолдың ақылы болуына наразы жүргізушілер. Түркістан облысы, 31 мамыр 2021 жыл.

Түркістан облысында жолдың ақылы болуына қарсылық білдірген Жетісай ауданының тұрғынына 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (5834 теңге) айыппұл салынды. Бұл туралы 3 мамырда Түркістан облысының полиция департаменті хабарлады.

Айыппұл алған адам "Шымкент - Жетісай - Атакент" бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың Мақтаарал ауданындағы бөлігінде өткен наразылыққа қатысқан.

Наразылық кезінде адамдардың ұсталғаны туралы видео 2 маусым күні әлеуметтік желіде тараған. Жүргізушілер таратқан видео түнде түсірілген. Онда бірнеше полиция қызметкерінің наразылардың бірін күштеп әкетіп бара жатқаны байқалады. Полиция ұстаған адамды жақтастары Ғани деп атайды.

Полиция жиналғандарды тарауға шақырған, ал наразылар Ғаниды босатқан кезде бір-ақ тарайтындарын айтқан.

Видеоны Азаттыққа жіберген жүргізушілер мен облыстық полиция департаменті оқиға 2 маусымға қараған түні болғанын айтады. Бірақ полиция ұсталған адамның аты-жөнін атамады.

Полиция наразылар жолдың ақылы болуына қарсы жиналғанын, наразылықты ұйымдастырғандарға Әкімшілік кодекстің "Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы" бабымен іс қозғалғанын хабарлады.

- Әкімшілік жазаға тартылған азамат жолды жапқан, - дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Наразылыққа қатысқандар полиция ұстап, әкімшілік жазаға тартылған адамның аты-жөнін айта алмады. Ал өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Ғанидан басқа өзге жүргізушілердің үстінен әкімшілік іс қозғалды ма, жоқ па, белгісіз.

30 мамырдан бері Қазақстанның әр аймағындағы алыс жолға шығатын жүргізушілер республикалық маңызы бар жолдардың жиегіне жүк көліктерін қойып, жолдың ақылы болуына наразылық білдіріп жатыр. Олар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан. Бұған дейін түркістандық жүргізушілер Түркістаннан Ақтөбеге дейін барып қайтатын болса, жүк көлігіне шамамен 60 мың теңге салық төлетуі мүмкін екенін, табыстан қағылатынын жеткізген.

"Мәселе шешілмейінше жолға шықпаймыз". Жүк көлігі жүргізушілері ақылы жолға наразы (2 маусым 2021 жыл).

"Мәселе шешілмейінше жолға шықпаймыз". Жүк көлігі жүргізушілері ақылы жолға наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:14 0:00

31 мамырда Ақтөбеде жолдың ақылы болуына қарсы наразылыққа шыққан 11 адам ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған.

2 маусымда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "ақылы жол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ақылы жүйе ой-шұңқыры жоқ, тегіс бірінші категориялы жолдарға ғана енгізіледі.

Министр Қазақстанда 2025 жылға дейін - 11 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG