Accessibility links

"ҚДТ жұмысына араласты" деп айыпталған астаналық белсендінің бостандығы үш жылға шектелді


3 маусымда Нұр-Сұлтандағы №2 Cарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Айдар Сыздықовты "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды, қатысты" деп айыптап, бас бостандығын үш жылға шектеді. Бұдан бөлек оған 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметік желілерде жазба жазуға тыйым салынды.

Сыздықов сот процесі мен тергеу кезінде қамауда болған. Қылмыстық істі қараған судья Назгүл Бапақова оны қамаудан босатты.

36 жастағы Сыздықов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады" деген айып тағылған. Қазақстан бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Еуропарламент өз қаулысында бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Белсенді сотта айыбын мойындамай, өзін толық ақтауды сұрады. Оның адвокаты Мейіржан Досқараев биліктің әрекетін "мемлекеттік терроризм" деп атап, "адамдарды дауысын шығарғаны үшін шетінен соттап жатыр" деді.

– Бұл – сот емес фальш, қорқыту. Айдар Сыздықовты қандай негізде "экстремистік ұйым" үшін айыптайды. Англиядағы Дариға Назарбаеваның соты туралы жазғаны үшін бе? Оны елдің бәрі біледі. ҚДТ бағдарламасы үшін бе? Егер зейнетақы көтерілсе, елді президентсіз басқару болса оның несі жаман? – деді адвокат Досқараев сотта.

Прокурор Мадияр Игенов Досқараевты "сотты құрметтемеді, адвокаттық этиканы бұзды деп айыптап", судьядан жеке қаулы қабылдауды сұрады.

- Адвокат Досқараев осылай сөйлеуі арқылы өзінің де ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтын сияқты. Адвокат заңды білмейді және басқа адвокаттардың абыройына нұқсан келтіріп отыр. Қазақстан сотының шешіміне күмән келтіріп отыр. ҚДТ, "Көше партиясы" экстремистік қозғалыс екені белгілі факті. Сіздің сот шешіміне күмән келтіруге құқығыңыз жоқ,- деді прокурор Мадияр Игенов.

Судья Бапақова прокурор ұсынысын қолдап, адвокат Досқараевқа қатысты жеке қаулы қабылдап, республикалық адвокаттар коллегиясын оның этикалық мінез-құлқына мән беруді сұрады.

Белсенді Сыздықов Faсebook желісіндегі жазбалары мен кейінгі екі жылда басқа белсенділермен бірге адам құқығын сақтауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткені үшін айыпталып отыр. Тергеу органы оны Қылмыстық кодекстің 405-бап 1-2-тармағы ("Сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу", нақты жағдайда ҚДТ қозғалысы жөнінде болып отыр) бойынша айыптаған.

13 мамырда тағы бір белсенді Айбек Сәбитов те осы бап бойынша айыпты деп танылып, бас бостандығы 1 жыл 10 айға шектелген. Сот оған үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салған.

Қазір Нұр-Сұлтанда тағы он шақты адамның үстінен "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деген айыппен қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты қанша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны ресми түрде белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG