Accessibility links

Азаттық радиосы "шетел агенті" ретінде танылған БАҚ туралы бұйрықтың күшін жоюды талап етті


Азаттықтың Орыс қызметінің кеңсесі.
Азаттықтың Орыс қызметінің кеңсесі.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы ашық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Андрей Шарый ресейлік Роскомнадзордың "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарындағы материалдарды маркировкалау тәртібі туралы бұйрық күшін жоюы тиіс деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында өткен "Ресейдің шетел ақпарат құралдары мен шетел агенті" атты жиын кезінде айтты. Бұл шараны Ресей сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бұйрық Ресейдің "шетел агенті" туралы заңнамасындағы өзге жайттар сияқты халықаралық құқықты, Ресей конституциясын, БАҚ туралы заңды бұзады, медианарықтағы тең бәсеке принципіне қайшы.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша кездесудің басым бөлігі АҚШ-тың "шетел агенті" туралы заңнамасын сынауға арналды. Онда Батыс елдерінің Ресейдің ақпарат кеңістігінің ықпалын шектеуге бағытталған шаралары жөнінде де айтылған.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігінің ақпарат және баспасөз департаментінің директоры Мария Захарова Ресейдің "шетел агенті" туралы заңын Америкадағы Ресей журналистеріне қарсы бағытталған әрекетке жауап деп атаған. Оның айтуынша, "шетел агенті" статусына ие журналистердің жұмысы Ресейде шектеліп жатқан жоқ.

АЕ/АР жетекшілері мен халықаралық журналистік қауымдастық бұл тұжырымды талай мәрте жоққа шығарған. Олардың айтуынша, Ресейдегі Азаттықтың Орыс қызметі мен ресейлік ақпарат құралдарының Батыс елдеріндегі жұмыс істеу мүмкіндігін салыстыруға мүлде келмейді.

  • Азаттық радиосы, оның аймақтық жобалары, "Настоящее время" телеарнасы және АЕ/АР-ның бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында "БАҚ – шетелдік агент" тізіміне кірген. Министрліктің тізіміне енген бұл редакциялар қаржысы туралы есеп беріп, жарияланымдарын тиісті түрде белгілеп отыруы керек. АЕ/АР Ресейдің БАҚ – "шетелдік агент" туралы 2017 жылғы заңнамасын орындайды, бірақ оны "Ресей басшыларының журналистерді қудалауға бағытталған қауіпті қадамы әрі Ресей азаматтарына Кремль мақұлдаған ақпаратты ғана жеткізуге тырысу әрекеті" деп бағалайды.
  • АЕ/АР басшылығы ешбір тараптың саяси не цензуралық мақсатпен редакция саясатына араласуына жол бермейтін медиаұйым екендерін үнемі ескертіп келеді.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG