Қырғызстанның Ош облысында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Камшыбек Ташиевпен ілесіп жүрген бір топ адам отырған тікұшақ құлады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Азаттық дереккөзге сүйене отырып, тікұшақ бортында 14 адам болғанын, төртеуінің жеңіл жарақат алғанын жазды. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, оқиға Араван ауданы Кичи-Алай ауылында болған. Тікұшақ өртеніп кеткен.
Қырғызстан қорғаныс министрлігі әзірге түсініктеме бермеді.
4 маусымда ҰҚМК төрағасы Ташиев қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайдың ушығуына байланысты шекараға жақын Чон-Алай ауданындағы Унжу-Булак елді мекеніне барған.
Бұған дейін Қырғызстан шекара қызметі тәжік тарабының "үкіметаралық келісімді бұза отырып, Унжу-Булак елді мекеніне контейнерлер орнатқанын" хабарлаған. Ал Тәжікстан жағы шекарашылар екі жақпен келісілген аумаққа барды деп айыпты жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР