Accessibility links

Еуроодақ Беларусь әуе компанияларының рейсін қабылдауға ресми түрде тыйым салды


Еуроодақ Беларусь әуе компанияларының рейсін қабылдаудан ресми түрде бас тартты. Мұндай шешімді жұма күні Брюссельде Еуроодақ елдерінің елшілері ресми түрде бекітті.

23 мамырда Ryanair ұшағы Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылып, ұшақта болған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның жүріп жүрген қызы София Сапега ұсталған еді. Еуроодақ осыған жауап ретінде аталған шектеуді енгізіп отыр. ЕО Минскіні Александр Лукашенко режимінің сыншысы Протасевичті ұстау үшін экипаж мүшелерін алдап, қондырды деп айыптайды.

Іс жүзінде Беларусьтің мемлекеттік "Белавиа" әуе компаниясының Еуроодақ елдеріне ұшпағанына бір аптадан асты. Одаққа мүше елдердің басым бөлігі олардың ұшып келуіне тыйым салған.

Ресей мен шығысқа қарай ұшатын Еуропаның әуе компаниялары қазір Беларусьтің әуе кеңістігін айналып ұшып жүр. Еуроодақ жетекшілерінің саммитінде осындай рекомендация берілген. Қағаз жүзінде мұндай шешім бекітілмегенмен Еуроодақ әуе компанияларының барлығы рекомендацияға бойұсынған. Өзге елдер де "Белавиа" ұшақтарын қабылдаудан бас тартқан.

Беларусь әуе компаниясы да күзге дейін Еуроодаққа ұшпайтынын хабарлаған. Қазір ол Ресей, Түркия және өзге елдерге ұшып жатыр.

  • Еуроодақ елдері Протасевичтің ұсталуына байланысты Минскіге жаңа санкция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Беларусьтің мемлекеттік телеарнасы бейсенбі күні Протасевичпен бір жарым сағаттық сұхбат жариялады. Видеода оппозициялық журналист "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын" мойындап, оппозицияның бірқатар өкілдерін сынайды. Лукашенко қарсыластары видео қысыммен түсірілген деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG