Accessibility links

Талибан Солтүстік Ауғанстанда кемінде сегіз полицейді мерт қылды


Нангархар провинциясындағы ауған әскерилері. 31 мамыр, 2021 жыл
Нангархар провинциясындағы ауған әскерилері. 31 мамыр, 2021 жыл

Талибан әскері 5 маусымда Ауғанстанның солтүстігіндегі Бағлан аймағында қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасап, кемінде 8 адамды өлтірді. Бұл жөнінде Ауғанстанның ресми орындары хабарлады.

Ресми ресми қызметкердің айтуынша, Талибан шабуылынан Жулга аудандық және оған көмекке келген Бурқа аудандық полициясының екі басшысы және алты офицер мерт болған.

Қантөгіс өршіп, Талибан мен Батыстың көмегіне сүйенетін Ауғанстанның ресми үкіметі арасындағы келіссөз кібіртіктеген соң, АҚШ бастаған халықаралық күштер қыркүйекте елден кеткенде жағдай қалай болады деп алаңдайтындар көбейді.

Қауіпсіздік органдарының хабарлауынша, соңғы тәулік ішінде үкімет күштері мен Талибан әскері арасында кемінде 10 провинцияда атыс болған.

Бұған дейінгі жеңісін нығайта түскен Талибан жасағы 4 маусымда екі провинциядағы екі ауданды бақылауына алды.

Бір апта атыстан соң қарулы топ оңтүстіктегі Забул провинциясының Шенкай ауданын өзіне қаратқан.

Тағы бір кескілескен ұрыстан соң оңтүстіктегі Урузган провинциясының Гизаб ауданы да Талибан қарамағына өтті.

Оңтүстіктегі Герат аймағында да үлкен шайқас болғаны хабарланды.

Ресми дереккөздердің хабарлауынша, ауған армиясы 4 маусымда оңтүстіктегі Хелманд провинциясында Талибан басып алған әскери базаны әуеден бомбалап, салдарынан көп бейбіт адам қаза тапты.

Ауғанстанның Талибан бақылауындағы аудандар. 2021 жылғы 31 мамырдағы мәлімет
Ауғанстанның Талибан бақылауындағы аудандар. 2021 жылғы 31 мамырдағы мәлімет

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне арнап 4 маусымда таратқан есебінде БҰҰ сарапшылары Талибан ауған үкіметімен келіссөзде қысым жасау үшін "ерекше қаскөйлікпен" шабуыл жасап, әскери позициясын нығайтып жатыр делінген.

22 беттік есепте сарапшылар қыркүйекте АҚШ пен НАТО әскері кеткен соң "ұшқышсыз ұшақ, радар және бақылау құралдарының саны кеміп, әуе операциялары азаяды, материалдық-техникалық жарақтау да, артиллериялық қолдау да бәсеңдейді, жаттығу да үзіледі, соның кесірінен ауған күштеріне үлкен салмақ түседі" делінген.

Сарапшылардың айтуынша, Ауғанстанда үйреншікті көрініске айналған нысаналы бағытталған қастандықтардың көбіне Талибан жауапты.

Бұл шабуылдар "үкіметтің әлеуетін кемітіп, азаматтық қоғамды үркіту үшін жасалып жатса керек" дейді БҰҰ сарапшылары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG