Accessibility links

Венгриялықтар Будапеште Қытай университетін салу жоспарына наразылық білдірді


Будапешт.
Будапешт.

Сенбі, 5 маусым күні мыңдаған венгриялық ел астанасы Будапеште Қытай университетінің кампусын ашу жоспарына қарсылық білдірді. Шанхайлық Фудан университетінің кампусы жоспар бойынша 2024 жылы ашылуы тиіс және ол Еуроодақ аумағындағы алғашқы қытай университеті болмақ.

Жоспардың екі тұсы дауға қалып отыр. Біріншісі, жобаны қаржыландыру үшін Венгрия үкіметі Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алмақ. Екіншісі, кампус осыған дейін студенттерге қолжетімді баспана салынады деп жоспарланған жерге түспек. Сыншылар сондай-ақ қытай университетінің ашылуы Пекиннің Венгрия мен Еуроодаққа деген ықпалын күшейтеді дейді.

Елдің консерватор премьер-министрі Виктор Орбан Венгриядағы сот билігі мен баспасөз еркіндігін шектегені үшін Еуроодақпен тұрақты түрде теке-тіреске түседі, бірақ Қытай және Ресей секілді бейлиберал үкіметтермен достық қарым-қатынасын күшейтіп келеді.

Орбан үкіметі шанхайлық университеттің ашылуы венгриялық және халықаралық студенттерге жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік береді дейді. Бірақ сыншылар ашықтық пен академиялық еркіндік болмай қалады деп алаңдайды.

Будапештің либерал мэрі Гергей Карачонь бұл жобаға қарсы шығып, жарғысында университеттің Қытай коммунистік партиясының көзқарасын білдіруі керек деп жазылған дейді.

Орбанның "Фидес" партиясы "Венгрия студенттерінің үйін, болашағын көтерме бағамен сатып жатыр, ол мұны Қытай диктатурасының элиталы университетін елге әкелу үшін істеп отыр" дейді наразылық акциясының ұйымдастырушылары Facebook-те. Бірақ Венгрияның инновация және технология вице-министрі Тамас Шанда наразылықты қауесетке сүйенген қисынсыз "саяси долдану" деп атап, жобаның өз күшінде екенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG