Accessibility links

Covid дерегі: 1280 науқас, 18 өлім тіркелді


Екпе салдырып отырған ер азамат. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Екпе салдырып отырған ер азамат. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

Жексенбі, 6 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус ауруына шалдыққандар 1280 адамға артқанын, індеттен тағы 18 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Жаңа анықталған науқастардың 1191-інде ауру ПТР тестімен расталса (КВИ+), 89-ында ПТР тесті теріс нәтиже беріп, диагнозы ауру белгілері бойынша (коронавирус пневмониясы немесе КВИ-) қойылған.

КВИ+ бойынша ең үлкен көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (210), Қарағанды облысында (184) және Алматы қаласында (154) тіркелген. Қалған аймақтарда бір күн ішінде анықталған науқастар саны 100-ге жетпейді. Қызылорда облысында коронавирус бар-жоғы жеті адамнан шыққан. Бұл – аймақтар бойынша ең төменгі көрсеткіш.

КВИ- бойынша алда Жамбыл (18), Шығыс Қазақстан (12) және Қарағанды (11) облыстары.

Осылайша, вирус жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандардың жалпы саны 394 мыңға жетіп отыр. Оның 366 мыңы жазылып шыққан, 23 мыңы емделіп жатыр. Ресми дерек бойынша, КВИ+ бойынша барлығы 4057 адам қайтыс болған. Бірақ бұған Covid жұқтырғаны расталған, бірақ өзге аурудан қайтыс болды деген адамдар кірмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы 31 наурызға дейін бұл тізімде 1619 адам болған.

Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 55 783 адамға жетті. Оның 3387-і қайтыс болған.

Кейінгі екі аптада күнделік тіркелетін КВИ+ науқастарының саны азайып келеді. Сәуірдің басынан 22 мамырға дейін күн сайын 2 мыңнан астам науқас анықталып келсе, осы күндері ауруға шалдыққандар саны 1,5 мыңнан төмен болып отыр. Эпидкарта бойынша, жасыл аймаққа өтіп жатқан облыстар көбейді. Әзірше қызыл аймақта Нұр-Сұлтан мен Қарағанды облысы ғана қалып отыр.

Елде 1 ақпаннан бері 2 миллион 230 мың адам коронавирус вакцинасының кемі бір дозасын алған. Оның 1 миллион 179 мыңы екінші дозаны да салдырған.

19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда вакциналауға 10 миллион адам жатады. Қазір қазақстандықтарға үш екпе салынып жатыр. Олар: ресейлік "Спутник V", отандық QazVac, Қытайда әзірленіп, БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax. Жақында Қазақстанға Қытайдың тағы бір вакцинасы CoronaVac келді. Денсаулық сақтау министрлігі Sinovac компаниясы әзірлеген бұл екпенің 500 мың дозасын алдыртқан. Sinovac екпесі енді салына бастайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG