Accessibility links

Трамп: Қытай Covid індеті үшін 10 трлн доллар төлеуі тиіс


АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп республикашылдардың Солтүстік Каролинадағы съезінде. 5 маусым 2021 жыл.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп республикашылдардың Солтүстік Каролинадағы съезінде. 5 маусым 2021 жыл.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп коронавирус індеті үшін Қытай 10 триллион доллар төлеуі тиіс деді.

"Біз Қытай коммунистік партиясынан репарация талап етеміз. Қытай құн төлеуі тиіс" деді ол республикашылдардың Солтүстік Каролина штатындағы съезінде.

Ол сондай-ақ Қытайдан қарыз алғандар қарызын төлеуден босатылуы тиіс деп, "коронавирустың қолдан жасалғанын" бұрыннан білгенін айтты.

"Біз мына бір жаман нәрсені Қытайдан әкелдік... Бұл зертхана деп аталады. Оны түсіну оңай, Ухань" деді ол.

Осылайша ол америкалықтарды маска тағуға шақырып, вирустың зертханадан тарағанына күмән келтірген доктор Энтони Фаучиді сөзбен түйреп өтті.

"Ол барлық дерлік мәселеде қателесті, ол тіпті Ухань мен зертхана жөнінен де қателесті" деді Трамп.

Вирустың қалай тарағаны әлі де даулы болып отыр. Оның Уханьдағы зертханадан тарағаны жөнінде сенімді айғақтар анықталған жоқ.

Президент кезінде Қытаймен сауда соғысын бастаған Трамп АҚШ Қытайдан келетін кез келген тауарға 100 пайыз баж салығын енгізуі керек деп мәлімдеді 1250 адам қатысқан партия съезінде.

Саясаткер сондай-ақ АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденді "Солтүстік ағыс 2" құбырының құрылысына санкция салудан бас тартты деп айыптап, "Байден Американы соңғы орынға қойды" деді.

Байден санкция салудан бас тартуды құбыр жобасының аяқталып қойғанымен және Еуропа елдерімен қарым-қатынасын ушықтырмау ниетімен түсіндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG