Accessibility links

Қарағанды университеті "Орыс орталығының" ашылғанын жоққа шығарды


Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірі. Көрнекі сурет.

Бөкетов атындағы Қарағанды университеті оқу орны жанынан "Орыс орталығының" (Русский центр) ашылғанын жоққа шығарды. Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары былтыр жыл соңында Қазақстан территориясы жөнінде даулы мәлімдеме жасаған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың Қарағандыда "Орыс орталығын" ашқаны жөнінде хабар таратқан. Дегенмен Никонов басқаратын "Русский мир" орталығы Қарағандыда "Орыс орталығы" ашылды деген хабар таратты.

Қарағандыда "Орыс орталығының" ашылғаны туралы ақпарат демалыс күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұдан соң жексенбі күні кешке қарай Қарағанды университетінің Facebook-тағы парақшасында ақпаратты терістеген хабарлама пайда болды.

"Александр Пушкиннің туған күніне орай 6 маусымда атап өтілетін орыс тілі халықаралық күні қарсаңында филология факультетінде орыс тілі және әдебиет оқу кабинетінің ашылуы өтті. Өкінішке қарай ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде тараған жекелеген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп жазды оқу орны 6 маусымда Facebook-тағы парақшасында.

Университет өкілдерінің айтуынша, орыс тілі және әдебиет кабинеті дәл осы атпен аталатын мамандықты үйреніп жатқан студенттерге арналған. Кабинетті ашу туралы мәселе "Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен талқылаудан кейін шешімін тапқан".

Дегенмен Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов басқаратын орыс тілін әлемге насихаттаумен айналысатын "Русский центр" орталығы 4 маусымда Youtube-тегі парақшасында Қарағандыда "Орыс орталығы" ашылды деп хабарлап, видео жариялаған.

"Орыс тілі күні қарсаңында "Орыс әлемі" қоры (Русский мир) Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанынан Орыс орталығын ашып жатыр" делінген видеоға жазылған сипаттамада. Онда орталықтың Қарағанды қаласында жайдан-жай ашылып отырмағаны, онда Қазақстан мен Ресей халқының тарихына ортақ дүниелер көп екені жазылған.

7 маусымда Азаттық тілшісі университет басшылығына хабарласқан кезде қабылдау бөлмесінде отырғандар басшылардың сыртта екенін айтты. Ал баспасөз қызметінің өкілдері Facebook-та ресми хабарлама жариялағанын айтты.

Шамамен бес айдан астам уақыт бұрын Нұр-Сұлтан Ресейдің бірқатар саясаткерлерінің Қазақстан аумағы жөніндегі мәлімдемелеріне байланысты дипломатиялық нота жіберген. 2020 жылы желтоқсан айында Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никонов "Қазақстан жері Ресейдің үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Онан кейін мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров та осыған ұқсас пікір айтып, Қазақстан қоғамының наразылығын тудырған еді. Қазақстан нотасына жауап келген жоқ.

"Орыс әлемі" қорының ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда қордың үш бөлімшесі бар. Олар Өскемен, Ақтөбе және Алматы қалаларында орналасқан.

Қазақстан СІМ: Ресей депутаттарының жер туралы айтқаны - "бос сандырақ" (23 желтоқсан, 2020 жыл).

Қазақстан СІМ: Ресей депутаттарының жер туралы айтқаны – "бос сандырақ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG