Accessibility links

Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек ретінде 3 млн қару-жарақ береді


Алматы облысындағы әскери жаттығу. Көрнекі сурет.
Алматы облысындағы әскери жаттығу. Көрнекі сурет.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі "Қазақстан мен Тәжікстан үкіметі арасындағы қайтарымсыз әскери көмек беру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын әзірледі.

Заң жобасын парламент бекітсе, Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек ретінде 3 миллионнан астам қару-жарақ береді.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл келісімге халықаралық шарттарға сәйкес биыл қол қойылған.

Әскери техника Жамбыл облысының Отар станциясындағы әскери аумақтан алынып, темір жол арқылы Душанбенің Рохати станциясына жеткізілмек. Келісімге сәйкес әскери мүліктен салық алынбайды. Тәжікстан тарабы шығынды өз мойнына алады.

Душанбе мен Нұр-Сұлтан арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 7 қаңтарынан басталған. Екі ел 2015 жылы стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойған.

8 маусымда күндіз Қазақстан қорғаныс министрлігі Қырғызстан мен Тәжікстанға берілетін әскери көмек жөнінде түсініктеме берді. Ведомство аталған екі ел арасында қақтығыс болмай тұрып көмек беру жөнінде шешім қабылданғанын, Нұр-Сұлтанның екі ел шекарасындағы қақтығыстың өрбуіне атсалысу ниеті жоқ деп мәлімдеді.

Министрліктің айтуынша, тәжік тарабымен келісім 2021 жылы 17 сәуірде жасалған. Қырғыз жағымен осыған ұқсас келісім 2021 жылдың 2 наурызында жасалған.

28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыстан 154 адам зардап шеккен, 36 адам қаза болған. Арасында балалар да бар. Тәжік билігі 19 адамның мерт болғанын, 87 адамның жараланғанын хабарлады.

Қырғызстанның Баткен облысында 136 үй, бірқатар мектептер мен шекара бекеттері қираған. Шамамен 58 мың адам үйлерінен қашуға мәжбүр болған. Тәжікстан 14 үйдің толық қирағанын, екі үй мен бір шаруашылық нысанының жартылай бұзылғанын хабарлады. Шамамен 15 мың адам қақтығыс аймағынан эвакуацияланған. Екі тарап бір-бірін кінәлап, ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.

19-20 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Тәжікстанға барған. Онда екі ел президентінің кездесуі барысында сауда-экономикалық қатынасты нығайту, инвестиция тарту, көлік-транзит мүмкіндігін арттыру жөнінде келісімге келген. Сонымен бірге Қазақстаннан оқу орындарын ашу жөнінде де талқылаған. Делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойған. Ол құжаттардың арасында әскери көмек жөнінде келісім болмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG