Accessibility links

Біртановтың адвокаты "айғақ жинауға кедергі келтірген" министрліктің жазаланғанын айтты


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты "іс бойынша айғақ жинауға кедергі келтірген" денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлады. Бұл туралы Informburo сайты жазды. 8 маусымда Нұр-Сұлтан тергеу соты экс-министрдің үйқамақ мерзімін созу мәселесін қарады. Прокурор соттан министрдің үйқамақ мерзімін ұзартып, шартын қатайтуды сұраған.

Елжан Біртановтың адвокаты Серік Сағалиевтің айтуынша, қорғау тарабы бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінен іске қатысы бар құжаттарды сұраған. Бірақ ведомство оларды беруден бас тартқан. Бұдан соң адвокаттар министрлік үстінен сотқа шағым түсіріп, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты денсаулық сақтау министрлігіне айыппұл салған.

"Хаттама толтырылып, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. 7 маусымда сот денсаулық сақтау министрлігін Әкімшілік кодекстің 668-бабы ("Адвокаттың заңды қызметіне кедергі келтіру") бойынша кінәлі деп танып, 40 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Осылайша қорғау тарабына айғақ жинауға кедергі келтіру фактісі сот қаулысымен дәлелденді" деді адвокат Серік Сағалиев.

ҚазТАГ-тың жазуынша, 8 маусымда прокурор бұрынғы денсаулық сақтау министрінің үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды сұрап, шартын қатайтуды өтінген. Айыптау тарабы Біртановқа туыстарынан басқа адамдармен араласуға және медициналық ұйымнан бөлек басқа жаққа баруға тыйым салуды сұраған. Прокурордың айтуынша, бас прокурордың орынбасары тергеу мерзімін 2021 жылдың 1 тамызына дейін ұзартқан. Әзірге сот үйқамақ мерзімін ұзартуға байланысты шешім қабылдамаған.

Бұған дейін сот Біртановқа жұмыс істеуге рұқсат берген. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көктем айларында Біртановтың коммерциялық медицина мекемесінде жұмыс істейтінін айтқан.

50 жастағы Елжан Біртанов "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен 2020 жылдын 7 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Оның үйқамақ мерзімі осыған дейін бірнеше рет ұзартылған.

Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

Бұған дейін жергілікті БАҚ оның тағы бір іс бойынша күдікті ретінде танылғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG