Accessibility links

Латвияның бұрынғы ішкі істер министрі Ресейге тыңшылық жасады деген күдікке ілінді


Латвия сеймі.
Латвия сеймі.

Латвия парламенті "Келісім" фракциясының депутаты Янис Адамсонсты тінтіп, депутаттың өзін қамауға алуға келісім берді. Бұл туралы Delfi агенттігі хабарлады.

Шешімді парламент депутаттарының 69-ы қолдаған, бесеуі қарсы шыққан. Төрт адам қалыс қалған.

Бейсенбі күні таңертең парламенттің бас прокуратураға депутат жөнінде сұрау салғаны белгілі болған. Бейресми мәлімет бойынша, Адамсонс Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікке ілініп отыр. Оның Мәскеуге қандай құпия құжат бергені әзірге белгісіз.

Саясаткердің өзі айыпты жоққа шығарады. Сейм отырысында Янис Адамсонс қылмыстық іс жөнінде журналистерден естігенін айтып, өзін не үшін айыптап отырғанын түсінбейтінін жеткізді. РБК-ның жаузынша, ол "мафия құрылымдары қарымта шабуыл жасап жатыр" деп мәлімдеген. Агенттік Ресейдің Латвиядағы елшілігіне сұрау салған.

Адамсонс Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін тәмамдаған. 1979-1991 жылдары аралығында Қиыр Шығыста әскерде болған. 1991 жылы тамыз айында СССР-дің шекара қызметінен кету туралы өтініш беріп, Латвияға кеткен. Ол жақта мемлекеттік шекара қызметіне жетекшілік етті, кейін ішкі істер министрлігін басқарды.

Британдық BBC сайтының жазуынша, осыған дейін Янис Адамсонс бірнеше рет дауға қалған. Ол "СССР КГБ-сының бұрынғы қызметкерінің мәртебесіне қатысты" бас прокуратурамен дауласқан. Іс сотқа дейін жеткен.

Адамсонс Латвия парламентінің қорғаныс, ішкі істер және жемқорлықпен күрес комиссиясының мүшесі. Ол Латвиядағы орыстілді диаспораның мүддесін қорғайтын "Келісім" оппозициялық социал-демократиялық партиясына мүше.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG