Accessibility links

Шымкентте денсаулық сақтау басқармасы басшысының экс-орынбасары сотталды


Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ернар Мырзақұловты 3 жылға қамады. Оған "жалған құжат дайындады" және "қызметін теріс пайдаланды" деген айып тағылған.

Мырзақұлов былтыр мамырда коронавирус өршіген тұста жасанды тыныс алу аппаратын алмағаны үшін істі болды.

Аудандық сот 36 жастағы Мырзақұловты Қылмыстық кодекстің "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" (361-бап) және "Қызметтік жалғандық жасау" (369-бап) бабымен кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырған. Мырзақұлов сот залынан қамауға алынды.

Соттың мәліметінше, сотталушы 2020 жылдың мамыр айында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметінде жүріп өкілетін теріс пайдаланған. "Көпе-көрінеу жалған құжаттар дайындап", мемлекетке 1 миллиард 391 миллион теңгеден астам залал келтірген.

Сотталушының адвокаты Бахтияр Ботаевтың Азаттыққа айтуынша, Мырзақұловтың үстінен қаладағы 14 медицина мекемесі арызданған. Олар Мырзақұловты 2020 жылы мамырда, коронавирус өршіп тұрған кезде, тыныс алу аппаратын алуға бағытталған ақшаны компьютерлік томография алуға жұмсады деп айыптаған.

Тергеу актісіне сай, Мырзақұлов қала әкімінің сол кездегі орынбасары Ербол Садырдың хаттамасы негізінде ақшаны басқа аппарат алуға жұмсаған. Ол кінәсін мойындаған, шын өкінетінін айтқан.

- Мемлекеттің бір тиын ақшасын өзіне алмаған. Бар айыбы пандемия кезінде бір аппараттың орнына екіншісін алған. Нәтижесінде қажет кезде ауруханаларға тыныс алу аппараттары жетпей қалған, - дейді адвокат

Мырзақұлов қалалық денсаулық сақтау басқармасында үш ай жұмыс істеп, денсаулық сақтау министрлігіне ауысқан. Сол кезде үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Прокурор соттан Мырзақұловты 2 жыл 6 айға соттауды сұраған.

2020 жылы көктемде Шымкентте короновирус өршіп, қала толық карантинге жабылған. Ал мамыр-маусымда ауруханалар науқастарға толып, қосымша емдеу орталықтары ашылған. Тұрғындар тыныс алу аппараттары мен оттегі жетпей жатқанын айтып дабыл қаққан. Оңтүтікте маусым, шілде айында қайтыс болған адамдар саны өскен. Індет өршіген тұста қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр жұмыстан өз еркімен кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG