Accessibility links

Шымкентте саудагерлер наразылығынан соң базарды жалдау ақысы көтерілмейтін болды


Сауда орнын жалдау ақысының қымбаттаауына наразылық білдіріп тұрған саудагерлер. Шымкент, 11 маусым 2021 жыл.
Сауда орнын жалдау ақысының қымбаттаауына наразылық білдіріп тұрған саудагерлер. Шымкент, 11 маусым 2021 жыл.

11 маусым күні Шымкенттегі "Автонұр" базарының ондаған саудагері базардағы орындарды жалдау ақысының көтерілуіне наразылық білдіріп, көшені жаппақ болды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Базарда киім сататын Қалдыбай Сапархановтың айтуынша, базар әкімшілігі әр орынның құнын 18 мыңнан 28 мыңға көтеру туралы хабар таратқан.

- Бір сауда орнының көлемі үш шаршы метрден сәл-ақ асады. Бір орында сауда жасау мүмкін емес, мысалы киім-кешек сату үшін 3-4 орынды бірге алу керек. Сонда үш орынға бір саудагер 54 мың теңге төлеп келген болса, енді 84 мың жалақы төлейді. Карантин кезінде базар жабылды, кешегі күнге дейін сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемедік. Бірақ соған қарамастан ақысын толық төлеп тұрдық. Базар ашылғанмен сауда жоқ. Жұмыс жоқ. Халықты бұлай шырылдата беруге болмайды, - дейді ол.

Саудагерлер шағымдарын айтып болған соң базар маңындағы көшені жаппақ болды. Алайда полицейлер жүргізушілерден жол беруді талап етіп, жолды жапқандарды шетке шығуға шақырды.

Өзін Талғат Айтбаев деп таныстырған базар әкімшілігінің өкілі саудагерлерді сабырға шақырды. Ол жалға алу құнын өсіруді коммуналдық төлемдер мен қызметкерлер айлығының көтерілуімен байланыстырды.

Ақыры сауда орындарын жалға беру құны сол күйінше қалатынын жеткізді.

"Сауда орындарын жалға беру құнын көтермейміз. Бірақ басқа техникалық мәселелерді әлі де қарау керек" деді базар әкімшілігінің өкілі.

Бірақ қандай техникалық мәселе екенін нақтыламады. Жалға беру құнының көтерілмейтінін естіген саудагерлер сәлден соң тарады.

"Автонұр" базары қала ортасында орналасқан ірі базарлардың бірі. Онда басқа сауда орындарымен салыстырғанда киім-кешек көтерме және бөлшек саудамен арзан бағаға сатылады. Саудагерлер киім-кешекті көрші Қырғызстан мен Қытайдан тасиды.

Пандемияғы байланысты карантин енгізілгеннен бері Шымкенттегі базарлар бірнеше рет жабылды. Соңғы рет наурыз-мамыр айларында базарларды сенбі-жексенбі күндері жабу туралы қаулы шығарылды. Маусымнан бері бұл шектеу алынды. Қазір Шымкент "жасыл аймақта" тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG