Accessibility links

Украиндар мен белорустарға "өз қалауы бойынша" Ресей азаматтығын беретін заң жобасы думаға жіберілмек


Ресей мемлекеттік думасының ғимараты
Ресей мемлекеттік думасының ғимараты

Ресей парламентінің төменгі палатасы - мемлекеттік думаға Беларусь пен Украина азаматтарына Ресей азаматтығын жеңіл жолмен беретін репатриация туралы заң жобасы ұсынылмақ. Ресей азаматы болғысы келетіндерге өз азаматтығынан бас тартудың қажеті жоқ және олардың Ресейде тұратын туыстары болуы да міндетті емес дейді бастама авторлары. Заң жобасының мәтіні думаның ресми сайтында жарияланған.

Заң жобасы "Конституцияның 69-бабының үшінші бөлігін орындау үшін Ресей отандастарын өзінің тарихи отаны – Ресей Федерациясына тұрақты тұруға қайтару" рәсімін анықтайды.

Бастама авторлары бұл заң "Ресейдің мәдени бірегейлігін" сақтауға және "заңдары мен іс-әрекеттері Ресей отандастарының ұлттық құқықтары мен мүдделеріне проблема туғызатын мемлекеттерде ассимиляцияның алдын алуға" бағытталған дейді.

Заң жобасы авторларының бірі, Ресей мемлекеттік думасының ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин украиндар мен белорустар "өздерін Ресей отандасы ретінде көрсеткісі келсе және солай сезінетін болса, онда оларды осылай мойындауымыз керек" деді.

РИА Новости агенттігінің жазуынша, заң жобасын ТМД елдері институты директорының орынбасары Александра Докучаеваның басшылығымен осы мекеменің бір топ қызметкері әзірлеген. Заң жобасын Ресей мемлекеттік думасының жаңа құрамы қарайды деген жоспар бар. Затулиннің пікірінше, заң қабылданса, Ресейге ең алдымен Украинадан миллиондаған "отандас" келеді.

"Ресей отандастары" - бұл елдің азаматтары ғана емес, Ресейде тұратын халықтарға қатысы бар әрі онымен рухани, мәдени және құқықтық жақындығын сезініп, ерікті түрде таңдау жасаған адамдар. Ресей билігі отандастарын қорғауға ерекше мән береді. Онда Ресей отандастарының әлемдік үйлестіру кеңесі, әлемдік конгресі, олардың құқықтарын қорғау қоры жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG