Футболдан Еуропа чемпионатының матчтарына Украина құрамасы ойыншылары киетін жейде дизайны өзгермейді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында құраманың баспасөз хатшысы мәлімдеді. Мәслихат жазбасы футбол федерациясының YouTube-арнасында жарияланды.
"Форманың барлық бөлігі УЕФА-да (Еуропа футбол қауымдастықтары одағы – Ред.) бекітілген. Украина футбол қауымдастығының президенті қазір Римде, ол одақ өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр" деді Украина ұлттық құрамасының өкілі Александр Глывинский. "
Еуропа чемпионаты қарсаңында ұсынылған ұлттық құрама футболшыларының формасында Украина картасы және "Украина жасасын!", "Батырлар даңқы арта берсін!" деген ұрандар жазылған. Ресей саясаткерлері Украинаның картасында Қырым түбегінің де бейнеленуін өткір сынға алған. Халықаралық құқықтық құжаттарда Қырым Украина жері деп көрсетіледі, ал Ресей ол түбекті 2014 жылы заңсыз аннексиялаған болып саналады. Мәскеу бұл пікірмен келіспейді. Батыс елдері Ресейге осы үшін санкциялар салған.
Киім дизайнына байланысты Ресей футбол одағы УЕФА-ға шағымданған. Халықаралық ұйым өкілі ресейлік "Чемпионат" басылымына берген сұхбатында Украина картасы да, "Украина даңқы арта берсін!" деген ұран да сол қалпы қала береді деген. Алайда, шенеуніктің айтуынша, "Батырлар даңқы арта берсін!" деген ұранның саяси астары бар, себебі бұл сөз тіркесін көбіне Украинаның ұлтшыл ұйымдары қолданады.
УЕФА Украина футбол шенеуніктерінен киімнен бұл ұранды алып тастауды талап еткен.
Алайда, жұма күні Украина футбол қауымдастығының атқару комитеті Еуропадағы футбол чемпионатына арнап екі ұранды да ресми түрде бекіткен. Бұл жөнінде қауымдастық президенті Андрей Павелко Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл символдар елдің әр аймағындағы тұрғындарды, сондай-ақ басқа елдер мен құрлықтарда жүрген отандастарды біріктіреді. Ол футбол құрамасын "тарихи жеңісімен" құттықтады.
Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусым – 11 шілде аралығында құрлықтағы 11 қалада (Лондон, Санкт-Петербург, Баку, Мюнхен, Рим, Амстердам, Бухарест, Будапешт, Копенгаген, Глазго, Севилья) өтеді. Жарысқа іріктеуден өткен 24 елдің құрамасы қатысады. Ресей В тобында, ал Украина құрамасы С тобында ойнайды.
ПІКІРЛЕР