Accessibility links

Оралда Меңдіғазиевке араша сұрап видеоға түскендердің қамалғаны хабарланды


Меңдіғазиевті қолдау шарасына қатысушылар (солдан оңға қарай): Амангелді Оразбаев, Орынбай Оқасов, Маруа Ескендірова және Дархан Қайырбаев. Орал, 11 маусым, 2021 жыл.
Меңдіғазиевті қолдау шарасына қатысушылар (солдан оңға қарай): Амангелді Оразбаев, Орынбай Оқасов, Маруа Ескендірова және Дархан Қайырбаев. Орал, 11 маусым, 2021 жыл.

Оралда ағалы-інілі Меңдіғазиевтерді қолдап акция өткізген азаматтардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

11 маусымда Оралдың төрт тұрғыны "Саяси тұтқындарға бостандық", "Бостандық Freedom", "Меңдіғазиевтерден қолыңды тарт", "Репрессия тоқтатылсын" деген жазулар жазылған плакат ұстап шара өткізген. Олар белсенді Барлық Меңдіғазиев пен оның қамауда отырған бауыры Бекіжан Меңдіғазиевтің қуғындалуына қарсылық білдірген.

– Қазақстан басшылығынан Барлық Меңдіғазиевтің бауыры, 3 маусымда заңсыз тұтқындалған Бекіжан Меңдіғазиевті дереу босатуды талап етеміз. Біз мұның барлығы атақты жерлесіміз Барлық Меңдіғазиевтің меценаттық, құқық қорғаушылық [қызметімен] байланысты деп есептейміз. Азаматтарды заңға қайшы келмейтін әрекеттері үшін қудалауды тоқтатуды талап етеміз, – деді шараға қатысушылардың бірі Орынбай Оқасов.

Сондай-ақ, олар билікті басқа азаматтарды да саяси көзқарасы үшін қудалауды доғаруға, Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарарын орындауға және барлық саяси тұтқынды босатуға шақырды.

Видео түсірілгеннен бірнеше сағат өткен соң шараға қатысқандардың ұстала бастағаны хабарланды. Facebook-тегі тікелей эфиріне сенсек, Орынбай Оқасовты үйіне қайтып бара жатқанда полиция тоқтатқан. Кадрлардың бірінде оның машинасын эвакуаторға тиегелі жатқаны, полицейлердің құжат толтырып тұрғаны байқалады.

– Мені себепсіз тоқтатты. Артымдағы полицейлер мінген машинаны мұның алдында да көргенмін, олар соңымнан біраз уақыт еріп жүрді. Олар "Қару" деген оперативтік шара болып жатқанын, жұрттың бәрін тексеріп жүргенін айтты. Содан соң "төлемеген айыппұлың бар" деп акт толтырып, машинаны арестке қоюды ұйғарды, қазір оны айып тұрағына алып кетеді, ал мені "наркологияға", сосын қалалық бөлімшеге апарады, – деді Оқасов Азаттық тілшісіне телефонмен.

Кейіннен Оқасов түні бойы қамауда болатынын, "ертесінде сот өтетінін" мессенджер арқылы хабарлады.

Шараға қатысқан тағы үш адамды және мәлімдемені видеоға түсірген блогерді полиция қызметкерлері тоқтатқаны хабарланды. Шараға қатысқандардың бірі Маруа Ескендірованың айтуынша, полицейлер олардың барлығын қалалық полиция бөліміне келуге шақырған.

– Блогер Асланбек Сейсенбаевты үйіне жіберді, ал екі белсенді – Дархан Қайырбаев пен Амангелді Оразбаевты полиция бөлімінде қалдырды. Содан кейін ешқайсысы байланысқа шықпады, – деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Маруа Ескендірова.

Полиция департаменті жұма күні кешке дейін осы мәселе бойынша ақпарат беруге уәде еткен. Алайда белсенділерді қамау себептері жөнінде мәлімет алу мүмкін болмады. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы қоңырау мен хабарламаға жауап бермеді.

Белсенді Барлық Меңдіғазиевтің бауыры Бекіжан Меңдіғазиев маусымның басында тергеу кезеңіне тұтқындалған. Барлық Меңдіғазиевтің айтуынша, бауырын полиция Оралда ұстап, көрші Атырау облысына алып барған, онда екі айға тұтқындау туралы шешім шыққан. Оған "ұйымдасқан топқа не қылмыстық ұйымға қатысты", "ірі көлемде салық төлеуден жалтарды", "ірі көлемде арам ақша заңдастырды" деген айыптар тағылды деген мәлімет бар.

Барлық Меңдіғазиев – АҚШ-та тұратын оралдық бизнесмен, азаматтық белсенді. Оның айтуынша, өзінің құқық қорғаудағы белсенділігі кесірінен жақындары мен туыстарының үстінен іс қозғалып, қудаланып жатыр. Кезінде өзіне қараған, кейін қызметкерлерге басқаруға берген KSS фирмасына да түрлі қысым жасалып жатыр дейді Барлық Меңдіғазиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG