Accessibility links

G7 саммитінде Қытайға қарсы жоспар ұсынылды


АҚШ президенті Джо Байден әйелі Джилл Байденмен бірге Ұлыбританияның Корнуолл графтығында өтіп жатқан G7 саммитінде. 11 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден әйелі Джилл Байденмен бірге Ұлыбританияның Корнуолл графтығында өтіп жатқан G7 саммитінде. 11 маусым 2021 жыл.

Әлемнің ең қуатты мемлекеттерінің басшылары кенже дамыған елдердің инфрақұрылымын дамыту жоспарын ұсынды. Бұл Қытайдың өзге елдерге арналған несие саясатына балама болмақ. Батыс елдері Пекин осы несиелер арқылы ғаламдық ықпалын арттыруды көздейді дейді.

Алдыңғы қатарлы жеті индустриялық мемлекеттің (G7 немесе "Үлкен жетілік") басшылары кейінгі екі жылдай уақыттың ішінде алғаш рет бетпе-бет жиналып отыр. Күн тәртібінде вакцинаны бөлісу, әділ экономика құру секілді мәселелер тұр.

Ұлыбританияның Корнуолл графтығында өтіп жатқан саммит 11 маусымда басталған. Үлкен жиынның екінші күні АҚШ президенті Джо Байден Қытайдың этникалық топтардың құқығын өрескел бұзып отырғанын еске салып, дамыған демократиялы елдердің басшыларын Пекинге бірге төтеп беруге үндеді.

12 маусым күні Байден әкімшілігінде жұмыс істейтін екі шенді Канада, Ұлыбритания және Франция елдері Байденнің Қытайға бірге төтеп беру бастамасын қолдап отыр деді.

Германия, Италия және Еуроодақ Пекинге ашық қарсы шығуға екі ойлы болып отыр деді Байден әкімшілігінің қызметкерлері баспасөз мәслихатында.

Ақ үй қызметкерлерінің сөзінше, Байден G7 лидерлерін Қытайдағы мұсылман топтарға бағытталған мәжбүрлі еңбекке қарсы ортақ үндеу жариялауға шақырып отыр.

Сонымен қатар G7 елдері инфрақұрылымды дамытуға арналған жоспар ұсынуды талқылады. Бұл жоспар Қытайдың "Бір жол, бір белдеу" бағдарламасына бәсекелес болмақ. Батыс басшылары Пекин осы бағдарламасы арқылы несие алушы мемлекеттерді өзіне тәуелді еткісі келеді деп алаңдайды.

Байден Еуропаға сапарын 16 маусым күні Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін аяқтайды. Кездесу Женева қаласында өтпек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG