Accessibility links

G7 саммиті: Дамушы елдерге вакцинаның кемі бір миллиард дозасы бөлінеді


Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен АҚШ президенті Джо Байден әйелдерімен G7 саммитінде. 10 маусым 2021 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен АҚШ президенті Джо Байден әйелдерімен G7 саммитінде. 10 маусым 2021 жыл.

Ұлыбританияның Корнуолл графтығында "Үлкен жетіліктің" үш күндік саммиті аяқталып жатыр. Әлемнің ең озық жеті мемлекетінің басшылары пандемия салдарынан екі жылға жуық уақыттан бір-ақ кездесіп отыр.

Саммиттің бас тақырыбы да осы пандемиямен күрес болды. G7 лидерлері дамушы елдерге коронавирус вакцинасының кемі бір миллиард дозасын беруге уәде берді. Оның жартысын АҚШ қамтамасыз ететін болды.

Саммит барысында климаттың өзгеруі де сөз болды, бірақ ол жөнінде нақты келісім жасалғаны айтылмады.

АҚШ дамушы елдерде ірі инфрақұрылым объектілерін салуды қолдау бағдарламасын ұсынып, бұл ұсыныс саммитке қатысушы елдер арасында қолдау тапты. Бұл бастама Қытайдың осыған ұқсас "Бір жол, бір белдеу" бағдарламасына бәсекелес болмақ. Қытай бұл бастамаға наразылығын білдіріп те үлгерді. Елдің сыртқы істер министрлігі "санаулы елден құралған топ ғаламдық шешімді тықпаламауы" тиіс деп мәлімдеді.

Ресейден төнген қауіп мәселесін АҚШ президенті Джо Байден G7 лидерлерімен жеке-жеке кездескенде сөз қылды. Бұл мәселе әсіресе Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуде қызу талқыланды. Оған "Солтүстік ағын 2" суасты газ құбырының салынуы түрткі еді. Ресей газын Еуропаға жеткізетін бұл жобаны Германия қолдайды да, АҚШ қолдамайды. Берлин үшін де, Вашингтон үшін де Ресей газының газ құбыры іске қосылса да Украина арқылы тасымалдана беруі маңызды деді Меркель.

Саммитке Ұлыбритания патшайымы Елизаветаның қатысуы елеусіз қалмады. Джо Байден ағылшын патшайымы кездескен 13-ші АҚШ президенті болды. Бірақ бұл екеуінің алғаш кездесуі емес. Бірінші рет ол екеуі 1982 жылы кездескен. Ол кезде Байден сенатор болатын, ал Елизаветаның тақта отырғанына 30 жыл уақыт өткен.

АҚШ президентінің Еуропаға сапары одан әрі Брюссельде жалғасады. Ол жерде Байден екі күн қатарынан НАТО мен Еуроодақ саммиттеріне қатысады. Сәрсенбі, 16 маусым күні Женева қаласында ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG