Accessibility links

Байден Путинмен ашық әңгімеге дайын екенін мәлімдеді


АҚШ президенті Джо Байден. 13 маусым 2021жыл.
АҚШ президенті Джо Байден. 13 маусым 2021жыл.

АҚШ халықаралық аренаға оралады. Жексенбі,13 маусым күні Корнуолда (Ұлыбритания) "Үлкен жетілік" саммитінен кейін ұйымдастырылған қорытынды баспасөз жиыны кезінде АҚШ президенті Джо Байден осылай деп мәлімдеді. G7 елдері коронавируспен күрес мәселелерін, Қытайдың халықаралық саудаға ықпалы және өзге мәселелерді талқылады.

Баспасөз жиыны кезінде 16 маусымға белгіленген АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путиннің кездесуі жөнінде де сөз болды. Байденнің айтуынша, ол президент болмай тұрып та Путинге оның АҚШ-тағы сайлауға килігуін зерттейтінін ескерткен. Барлау деректеріне қаныққан Байден Путин Ресейдің АҚШ-тағы сайлау кампаниясына килігуіне араласқан деген тұжырым жасаған.

Джо Байден АҚШ "соғысқа құмар болып отырған жоқ", ол тек Ресей халықаралық нормаларға қайшы әрекетін түсіндіруі тиіс деп санайды деді.

Оның пікірінше, өзара кездесіп, мәселені талқылау – жағдайды түсінудің оңтайлы жолы. "Өзара туындаған мәселелерді онымен ашық талқылаймын. Бұған сіздерде де күмән жоқ екенін білемін" деді Байден.

Ол Ресеймен киберқылмыскерлерді алмастыру мәселесін талқылауға да ашық екенін жеткізді. Ол сонымен бірге Ливия бойынша да Ресеймен бірге жұмыс істеуге дайын.

Журналистер сұрақтарына жауап берген АҚШ президенті Путинмен ортақ баспасөз мәслихатын өткізуден бас тартуының себебін түсіндірді.

"Кім баспасөз жиынында өзін мықты көрсетеді, кім кімді ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келеді деген сияқты бұл жарыс емес. Мәселе онда емес. Мәселе екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың қандай амал-шарттары бар, осыны айқын жеткізгім келеді... Әркім кездесудің қалай өткенін өз көзқарасы тұрғысынан баяндайды. Бірақ мен бар назар кім қалай амандасты, кім қалай өзін ұстады деген сияқты мәселелерге бұрылуын қаламаймын, – деді Байден.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG