Accessibility links

Қазақстанда Covid жұқтырғандар қайта көбейді, бір күнде тағы мыңнан астам науқас анықталды


Жедел жәрдем көлігі.

Қазақстанда өткен тәулікте 1068 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен шамамен 350-ге көп. 14 маусымда 757 адам Covid-ке шалдыққан.

15 маусымда Нұр-Сұлтанда – 294, Қарағанды облысында – 160, Алматыда 112 науқас тіркелді. Қалған қалалар мен облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.

Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" қалып отыр. Сейсенбі күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткен аптамен салыстырғанда астанада науқастар 7 пайызға көбейді деп мәлімдеген. Қалған қалалар мен облыстар "сары" және "жасыл аймақта".

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 404 064 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

14 маусымда тағы 60 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. Елде коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген. 2020 жылдың 1 тамызынан бері елде 56 276 адам "пневмониямен" ауырған.

Індет басталғалы бері 4195 адам (14 маусымда 15 адам қайтыс болған) коронавирустан қайтыс болған. Тағы 3416 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады. Одан бөлек, індет басталғалы бері шамамен 2 мың адам коронавирустың "жанама әсерінен" қайтыс болған. Қазақстанда мұндай адам өлімі көрсеткіші Covid статистикасына енгізілмейді.

Соңғы мәлімет бойынша, елде 2 млн 587 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 480 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 176 млн 571 мың адамнан коронавирус анықталған. 3,8 млн адам қайтыс болған.

Қазір Қазақстан көршісі Ресей мен Қырғызстанда вирус күрт күшейген. 15 маусымда Ресейде 14 185 адамнан коронавирус анықталды. Билік шектеу шараларын қайта күшейте бастаған. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 15 маусымда елде коронавирустың "үшінші толқыны" байқалғанын хабарлады. Сейсенбі күні ол жақта 500-ден астам науқас анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG