Accessibility links

Ақтөбе облысында көлік өртеніп, бір бала қаза тапты, екіншісі хал үстінде


Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында аулада тұрған көлік өртеніп, бір бала қаза тапты. 16 маусым, 2021 жыл.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында аулада тұрған көлік өртеніп, бір бала қаза тапты. 16 маусым, 2021 жыл.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында көлік өртеніп, ішінде болған екі баланың бірі қаза тауып, екіншісін қатты күйік шалған.

Аулада тұрған көліктен кенет өрт шығып, ішінде ойнап отырған ағайынды екі баланың кішісі жантәсілім етті. Үш жасар бала салоннан шыға алмай қалған. Ал оның жеті жасар ағасы ауыр халде ауруханаға түсті. Қазір бала хал үстінде жатыр.

Науқасты облыс орталығына жеткізу үшін Әйтеке би ауданына Ақтөбеден дәрігерлер тобы келген. Олар баланың жағдайы тұрақталғанын күтіп отыр. Бұл жөнінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Дәрігерлер 2014 жылы туған науқастың жағдайы өте ауыр екенін айтады. Төртінші дәрежелі күйік шалған бала қазір аудан орталығы Комсомол ауылындағы ауруханада жатыр.

Оқиға 16 маусым күні Әйтеке би ауданының Еңбек ту ауылында болған. Қайғылы жағдай болған күні өңірде күн аптап ыстық болған. Бірақ өрттің шығу себебі белгісіз.

Ақтөбе полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция қызметкерлері түсірген суреттен көліктің тек қаңқасы қалғанын көруге болады. Қазір полиция ВАЗ-2106 маркалы автокөліктің неден өртенгенін тексеріп жатыр.

Жаз айларында Қазақстанда өрт жиі болады. Өрттің көбі балалардың жанғыш заттармен ойнауынан шығады. Төтенше жағдай қызметі кішкене балаларды қараусыз қалдырмауға, өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG