Accessibility links

Мамай бастаған топ Нұр-Сұлтанды Алашорда деп өзгертуді ұсынды


"Елді диктатурадан құтқаратын жол". "Демпартия" жаңа конституция жобасын ұсынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

Жанболат Мамай бастаған Қазақстанның Демократиялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ Нұр-Сұлтанды Алашорда деп атауды ұсынды. 17 маусымда жаңа Конституция жобасын таныстырған бастамашыл топ жобаға осындай ұсыныс енгізгенін мәлімдеді.

"2019 жылы Қазақстан астанасының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерткенін білесіздер. Бұған халық түбегейлы қарсы. Астаналықтардың өздері Нұр-Сұлтан атауын қолданбайды. Бұл елді мазақ етудің бірден-бір жолы. Сол себепті жобаның 24-бабына Қазақстан Республикасының астанасын Алашорда деп атау туралы енгізіп отырмыз. Яғни, Нұр-Сұлтан деген атауды мүлде алып тастау керек. Астананы Алашорда деп атауды ұсынып отырмыз" деді саяси белсенді Жанболат Мамай.

Топ өкілдерінің айтуынша, әзірге билік жаңа жоба бойынша референдум ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. "Бірақ билік өзгерген кезде біздің дайын Конституция жобамыз бар, оны жалпыхалықтық референдумға салуға болады" деді.

Жобада төмендегідей ұсыныстар бар:

  • Бір адам президент ретінде екі рет сайлана алмайды, бір рет бес жылға сайланады;
  • Қазақстан қандай да бір конфедеративтік квазимемлекеттік құрылымдарға мүше бола алмайды;
  • Қазақстан аумағында шетел әскерін орналастыруға толық тыйым салынады;
  • Екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы 120 адамнан құралған Ұлттық құрылтай құру және оның өкілетін президенттен жоғары ету;
  • Баспанаға зәру азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • Этникалық қазақтарға қолдау көрсету және т.б ұсыныстар бар.

Жоба авторларының айтуынша, аталған құжат "әлемдегі демократиялық елдердің негізгі заңдарына сүйеніп" әзірленген. Олар жұртты жобаны талқылауға шақырды.

Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін биліктің бастамасымен Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілген. Бұл шешімге қарсылық білдірген азаматтар ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды.

Алашорда – 20 ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ зиялылары құрған "Алаш" автономиясының үкіметі. Қазақ даласына совет өкіметі орнаған соң "алашордашылардың" барлығы дерлік қуғынға ұшырап, көпшілігі сталиндік репрессия кезінде атылып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG