Accessibility links

Ким Чен Ын Солтүстік Кореяда азық-түлік жетпей жатқанын мойындады


Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын құжатқа қол қойып отыр.
Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын құжатқа қол қойып отыр.

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын ресми түрде елде азық-түлік тапшылығы болып жатқанын мойындады. Бұл туралы ВВС сайты хабарлады.

Жоғарғы шенділердің жиынында Ким "азық-түлік тапшылығы бойынша жағдай қиындап барады" деген. Оның сөзінше, былтыр болған тайфуннан кейінгі тасқын салдарынан бидай мөлшерден аз болып қалған.

NK News сайтының жазуынша, кейінгі уақытта елде азық бағасы күрт өсіп, бір келі бананның құны 45 долларға (шамамен 18 мың теңге) жеткен. Солтүстік Корея елде ресми түрде коронавирус табылғанын мойындамағанымен, вирустың таралмауы үшін ел шекарасын жапқан. Осының салдарынан Қытаймен сауда-саттық мөлшері күрт төмендеген. Бұл ел Қытайдың тауарына, тамағына тәуелді.

Бұдан бөлек, халықаралық қауымдастық Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламасы үшін санкция салған, мұның салдары да елге теріс әсер етіп жатыр.

Авторитар басшы Ким Чен Ын азық-түлік тапшылығы жайлы осы аптада ел астанасы Пхеньянда басталған Жұмысшылар партиясының орталық комитетінің жиынында айтты.

Сәуірде Ким елдегі қиын жағдайды мойындап, шенділерді халықтың жағдайын жақсарту үшін "кең көлемде" "Қиындық маршын" өткізуді тапсырған.

"Қиындық маршы" терминін Солтүстік Корея билігі 90 жылдары болған аштық кезінде қолданған. Совет одағы құлаған соң бұл ел негізгі көмектен қағылып, жаппай аштыққа ұшыраған еді. Ашаршылықтан қанша адам қайтыс болғаны ресми айтылмады. Бірақ кейбір деректерде бұл аштықтан үш миллион адам көз жұмғаны айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG