Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Ташкенттегі Сайилгох көшесінде орналасқан бұрынғы ғимараты 210 миллиард сумға ($19,5 млн) сатылды.
Мемлекеттік активтер жөніндегі агенттік мәліметі бойынша, тендердегі сауданы "Metropol Group" компаниясы жеңген.
Davletov.uz telegram-арнасының мәліметіне қарағанда, "Metropol Group" компаниясы Данияр Камиловқа тиесілі. Ол - Өзбекстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың ұлы.
Арнайы қызметтің бұрынғы ғимараты сатылатыны бұған дейін хабарланған еді.
Ислам Каримов тұсында жазалаушы органға айналған Ұлттық қауіпсіздік қызметі 2018 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі болып өзгертілген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, арнайы қызметтің бас кеңсесі Ташкент маңына көшіріліп, Сайилгох көшесіндегі орталық ғимарат сатылымға шығарылған.
ПІКІРЛЕР