Accessibility links

Ирандағы президент сайлауында ультраконсерватор Раиси жеңіске жақын тұр


Иран президенттігіне кандидат Ибрахим Раиси. Тегеран. 18 маусым, 2021 жыл.
Иран президенттігіне кандидат Ибрахим Раиси. Тегеран. 18 маусым, 2021 жыл.


Иранның мемлекеттік телеарналары да, президенттікке кандидаттар да 18 маусымда өткен сайлауда ультраконсерватор Ибрахим Раисидің жеңіске жақын тұрғанын хабарлады.

Сайлау комиссиясы және мемлекеттік ақпарат құралдары 60 жастағы діндар әрі сот жүйесінің басшысы Раисидің әзірге 62 пайыз дауыс жинағанын хабарлады. Сайлау жәшіктеріне салынған 28,6 млн бюллетеннің 17,8 миллионы саналған. Дауыс бергендер саны аз болғанымен, бюллетень санау әлі біткен жоқ.

Сайлау комиссиясының төрағасы Жамал Орф Раисидің екінші орында тұрған кандидат Мохсен Резаидан 14 млн дауыс көп жинағанын айтты.

Сайлаудың алдын ала қорытындысы бірнеше күннен соң жариялануы мүмкін. Билік жүздеген кандидаттың басым көпшілігін додаға қатыстырмай, тек жеті үміткерді қалдырғандықтан, бұл сайлаудың нәтижесі қалай боларын жұрт күні бұрын болжап қойған.

Бақылаушылар сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткішіне көп мән беріп отыр. Олар бұл сайлауды Вашингтон үш жыл бұрын қайта енгізген санкциялар кесірінен титықтаған экономиканы қалпына келтіруге тырысқан теократиялық үкіметке сенім деңгейін анықтайтын референдум санайды.

Орташыл кандидаттардың бірі науқанның соңғы күні додадан шығып кеткен, ал тағы бірі, орталық банктің бұрынғы басшысы Абдулнасер Хеммати 19 маусымда таңертең жеңілгенін мойындап, Раисиді жеңісімен құттықтады.

Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи дауыс беруге сайлау учаскесіне келіп тұр. Тегеран. 18 маусым, 2021 жыл.
Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи дауыс беруге сайлау учаскесіне келіп тұр. Тегеран. 18 маусым, 2021 жыл.


Елдің рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи басқаратын Ислам сақшыларының кеңесі ықпалды деген үміткерлердің көбін сайлауға қатыстырмай тастаған.

Куәгерлердің айтуынша, дауыс беру күні сайлау учаскелерінің көбінде адам аз болған, ал мемлекеттік телеарналар 18 маусымда дауыс беру үшін кезекте тізіліп тұрған сайлаушыларды көрсетті.

Үшінші мерзімге сайлауға түсу құқығы жоқ президент Хасан Рухани президент сайлауының екінші кезеңі болмайды деп болжады.

"Таңдау жасаған халықты құттықтаймын. Ресми құттықтау кейін болады, бірақ бүгін кімнің көп дауыс алғанын, халық кімді президент етіп сайлағанын білеміз" деген Рухани ешкімнің есімін атамай, тұспалдай сөйледі.

Қатаң тәртіпті қолдаған тағы екі кандидат Резаи мен Әмірхусейн Ғазизаде-Хашеми де Раисиді жеңісімен құттықтады.

Раиси 1988 жылы асығыс өткізілген сот процестері кезінде судья болған. Сол тұста мыңдаған саяси тұтқын өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған.

Адам құқықтары ұйымдары Раисиді адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптайды, ал АҚШ оған қарсы санкция салған.

Сарапшылардың айтуынша, Раисидің жеңісі Иранда Рухани сияқты прагматиктер кері ығысып, Батысқа қарсы бағыттағы қатаң ұстанымды қолдайтындар күш алғанын айғақтайды. Руханидің басшылығымен Иран 2015 жылы АҚШ-пен ядролық келісімге қол қойған, ол бойынша Тегеран ядролық бағдарламасын шектеп, Вашингтон оған салған санкция бұғауын босаңсытқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылы бұл келісімнен қайта шығып кетті. Кейін АҚШ-та президент ауысқан соң екі тарап келісімді қайта күшіне енгізуге ынта танытып, сәуірде келіссөз басталған.

Раиси бұл келіссөзді әрі қарай жалғастыруға құлықты екенін айтты.

Алайда рухани басшы Хаменеи әу баста Тегеранмен келісімге келген бес державадан "құр уәде емес, әрекет күтетінін" айтты. Бұған қоса Иран келісімнің шарттарын бұзып, уран байытуды жалғастырып жатыр деген болжам бар.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы кезде Иранда инфляция 40 пайызға, ал жұмыссыздық деңгейі 11 пайызға жетті, ел экономикасы АҚШ санкциясы мен нашар басқару кесірінен нашарлап кетті.

Халықтың дауыс беруге аз қатысуы жеңімпаздың легитимдігіне күмәнді күшейте түседі деп болжайды сарапшылар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG