Accessibility links

Өзбекстанда Жаңа Әндіжан атты қаланың құрылысы басталды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Жаңа Әндіжан қаласының жобасымен танысып тұр.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысында салынатын жаңа қаланың алғашқы кірпішін қалады. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңа Әндіжан қаласы "бақытты өмірді қамтамасыз ететін гүлденген мекен" болмақ. Қала жобасын өзбек және түрік мамандары бірлесіп әзірлеген.

Жаңа Әндіжан қазіргі Әндіжанның маңындағы беткейге салынбақ. 450 мың адамға лайықтап салынатын қалада 130 мың пәтерден тұратын көпқабатты үйлер болмақ. Қаланың жалпы аумағы 4 мың гектар, оның жартысын тұрғын үй, әлеуметтік нысан, өнеркәсіп аймағы, қызмет көрсету нысаны сияқты мекемелер алып жатса, қалған жартысына жасыл желек егіледі.

Қала 2021-2041 жылдар аралығында 8 кезеңмен салынбақ. Биыл жұмыстың алғашқы кезеңінде 33 км су құбырын, 52 км автокөлік жолын, 18 км электр желісін және 27 газ құбырын тарту үшін 100 млн доллар бөлінбек. Алғашқы кезеңде 170 көпқабатты үй, мектеп, балабақша және емхана салынады деп жоспарланған.

Мұның алдында Мирзияев Әндіжандағы үй мәселесі "маза бермей жүргенін" айтқан. Басқа аймақтармен салыстырғанда бұл облыста үймен қамтылғандар аз. "Мұнда жер аз, жыл өткен сайын үйге мұқтаждық еселеп өсіп барады. Ата-енесі бір үйде бірнеше келін-баласымен тұрып жатқан отбасылар көп" деген еді Өзбекстан президенті.

Әндіжан бейбіт наразылыққа шыққан тұрғындарды қырып-жойған оқиғаларымен әлемге танылған. 2005 жылғы 13 мамырда әскерилер демонстранттарға оқ атып, мыңға жуық адам опат болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG