Accessibility links

ЕО Лукашенконың жақындары мен Беларусь шенділеріне санкция салуға келісті


Александр Лукашенко
Александр Лукашенко

Еуропа одағының сыртқы істер министрлері Беларусь режимінің айналасындағы шенеуніктер мен авторитар Александр Лукашенконың отбасы мүшелеріне санкция салуға келісті.

ЕО санкциясына ілінген 78 адам мен сегіз мекеменің тізімі 21 маусымда жарияланбақ. Қара тізімге енгендер қатарында депутаттар, прокурорлар, судьялар және Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия бар.

ЕО шенеуніктерге "адам құқығы мен заңды бұзып, азаматтық қоғам мен демократиялық оппозицияны басып-жаншығаны үшін" санкция салмақ. Ал Лукашенконың жақындары "қазіргі режимді қолдап, сол арқылы пайда көргені үшін" қара тізімге енген.

Санкцияға ілінгендердің есепшоттары бұғатталып, виза берілмейді. Еуропа одағы санкцияны өткен айда Беларусь режимінің Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевичті ұстағанына жауап ретінде салды.

Беларусь режимі журналист Протасевичті қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

Бұл – Еуропа одағының Беларусь режиміне салған алғашқы санкциясы емес. Бұған дейін блок жекелеген институттар мен Лукашенконың маңайындағы адамдарға шектеу қойған.

Бұған қоса, одақ Беларусь елінің Belavia әуе компаниясының ұшақтарын Еуропаға кіруіне тыйым салған.

Еуропа одағы сыртқы істер бойынша басшысы Жозеф Боррельдің сөзінше, қазір блок Беларусь экономикасымен байланысты шектейтін кең көлемді шектеу дайындап жатыр.

"Біз бұрыннан да қатаңырақ санкциялар пакетін мақұлдайтын боламыз" деді Боррель Люксембургке ЕО министрлер жиынына келген кезде.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Боррель айтқан санкциялар пакетін Еуропа одағына мүше елдердің үкіметтері мақұлдаса, блоктағы компаниялар мен банктер Беларуське кредит бермейді, сауда-саттық жасамайды.

"Біз тек жеке адамдарға ғана емес, енді режим пайда көріп отырған экономикалық секторларға да санкция сала бастаймыз" деді Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас.

ЕО дипломаттары қару-жарақ экспортына шектеуді күшейтпек. Олар қарулар "бейбіт наразыларды басып-жаншуға қолданылуы мүмкін" деп санайды.

  • 23 мамырда Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенко Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатқан Ryanair ұшағын мәжбүрлеп Минскіге қондырып, оппозициялық журналист Роман Протасевич пен оның қалыңдығы София Сапеганы ұстаған. Осыдан соң Батыс елдері Беларуське шектеуді күшейтті.
  • Александр Лукашенко Беларусьте 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған. Бірақ елде сайлау нәтижесіне қарсы жаппай наразылық акциялары күшейіп, қазіргі режим митингіні аяусыз басып-жаншыған еді.
  • Роман Протасевич – наразылықтан хабар таратқан NEXTA телеграмм каналының негізін қалаушылардың бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG