Accessibility links

Сот шешіміне наразылар екі күннен бері сенат және мәжіліс төрағаларымен кездесе алмай келеді


Жоғарғы сот ғимараты алдында тұрған наразы топ. Нұр-Сұлтан, 22 маусым 2021 жыл.
Жоғарғы сот ғимараты алдында тұрған наразы топ. Нұр-Сұлтан, 22 маусым 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанда "әділетсіз сот шешіміне" наразы бастамашыл топ өкілдері екі күннен бері сенат және мәжіліс төрағаларымен кездесуге талпынып жүр. Әзірге нәтиже жоқ.

Өздерін "Заң үшін!" атты бастама тобының өкілдеріміз деп атаған Қазақстанның түрлі аймағынан жиналған 30-дан астам адам сенат және мәжіліс төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Нұрлан Нығматуллинмен кездесу үшін астанаға келген. Олар сот үкімдері мен шешімдерін қайта қарау бойынша комиссия құруды сұрап отыр.

Парламенттен әзірге оларға ешкім шықпаған. Өткен түні 9 азамат наразылық ретінде үкімет ғимараты жанындағы "Нұрлы жол" бульварында қонып шыққан.

- Біз әділетсіз сот шешімдеріне қарсымыз. Оларды қайта қарау жөнінде комиссия құруды сұраймыз. Елде соттардың заңсыз, жемқорлықпен шығарылған шешімдеріне наразы ондаған мың адам бар (Азаттық тілшісі әзірге бұл мәліметті растай алмады). Құзырлы органдар біздің талаптарымыз бен өтініштерімізге назар аударады деп үміттенеміз, – деді Павлодардан келген Ерлан Жакеев есімді азамат.

Павлодар тұрғыны Ерлан Жәкеев Жоғарғы сот ғимараты алдында тұр. 22 маусым 2021 жыл.
Павлодар тұрғыны Ерлан Жәкеев Жоғарғы сот ғимараты алдында тұр. 22 маусым 2021 жыл.

Ол өзінің екі жылдан бері бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасының қабылдауына кіре алмай жүргенін айтты.

22 маусым күндіз наразылар үкімет ғимараты маңындағы Жоғарғы соттың күту залында отырды. Олар өздерінің істерін қайта қарау жөнінде өтініштер жазып жатыр. Оларды полиция қызметкерлері бақылап тұр.

Нұр-Сұлтанға Алматы облысынан келген Дауыт Молдабаев бұған дейін президент әкімшілігінен көмек сұрағанмен нәтиже болмағанын айтты.

- Биыл ақпан айында Тамара Дүйсенованың (президент көмекшісі, президент әкімшілігінің арыз-шағымдарды қабылдау бойынша бөлім меңгерушісі) қабылдауында болдық. Сол кезде бізге жұмыс тобын құруға уәде берген, бірақ барлық уәделер жалған болып шықты. Біз ешкімді жалаң айыптағымыз келмейді және сенат пен мәжіліс төрағаларының құжаттарды өз көзімен көргенін қалаймыз, – деді Молдабаев.

Олар түстен кейін "Нұрлы жол" бульварына тағы жиналмақ.

22 маусымда түстен кейін Азаттық тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Сенаттың баспасөз хатшысы Серік Қаражан наразылардың сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қабылдауына жазылғаны-жазылмағандығынан "хабары жоғын" айтып, "қызметтік хат-хабарларды қабылдау" бөліміне хабарласуды сұрады.

Өткен аптада аталған топ Жоғарғы сот ғимаратында да түнеп шыққан. Ақпан айында олар Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданып", "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеген.

Сот шешімдеріне наразылар Жоғарғы сотта түнеп шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG