Accessibility links

Елшілік: Венгрия Қазақстанның вакцина паспортын мойындады


Будапешт қаласы.
Будапешт қаласы.

Венгрия Қазақстанның вакцина паспортын мойындағаны хабарланды.Бұл туралы 22 маусымда Қазақстанның Венгриядағы елшілігі мәлімдеді. Елшіліктің хабарлауынша, екпе алған қазақстандықтар алдағы уақытта бұл елге карантинсіз және ПТР тестсіз емін-еркін кіре алады.

Келісімге 22 маусымда Будапеште Венгрия сыртқы істер министрлігінде Қазақстан елшісі Жәнібек Әбдірашов пен Венгрия мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Барани қол қойған.

Венгрия – Қазақстанның вакцина паспортын мойындаған алғашқы еуропалық ел. Елшілік бұл келісім алдағы уақытта Будапешт пен Нұр-Сұлтан арасындағы әуе қатынасы қайта ашылуға мүмкіндік береді деп санайды.

Венгрия мен Қазақстан қазір халыққа көбіне ресейлік Спутник V және қытайлық екпелерді егіп жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан жұртқа елде жасалған QazVac екпесін салуды бастаған.

Будапешт Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің мақұлдауын күтпей, ресейлік және қытайлық екпелерді сатып алған еді. Еуропа одағының басқа елдері Ресей мен Қытай вакциналарын әлі мойындаған жоқ. Сондықтан Қазақстанның вакцина паспорты қазір Венгрия аумағында ғана жарайды.

22 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2,8 млн адам екпенің бірінші дозасын; 1,7 млн адам екінші дозасын алған. Ал әлемдегі екпе есебін жүргізіп отырған Our World Data ресурсының есебінше, Венгрияда 46 пайыздан астамы екпенің екі дозасын салдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG