Accessibility links

Степногорскіде халық наразылығынан соң экобелсендіні жауапқа тартып жатыр


Экобелсенді Артем Сочнев, Степногорск, 22 маусым 2021 жыл.
Экобелсенді Артем Сочнев, Степногорск, 22 маусым 2021 жыл.

Ақмола облысы Степногорск қаласында экобелсенді Артем Сочневтің үстінен әкімшілік іс қозғалды. 12 маусымда қалада жүзден астам тұрғын қалдық өртейтін зауыт құрылысына қарсылық білдірген еді. Әкімшілік хаттамада Сочнев "әлеуметтік желіні пайдаланып, қала орталығына тұрғындарды жинады", "карантин талаптарын орындамады" деп жазылған. Белсенді айыппен келіспейді.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына шақырту белсендіге WhatsApp мессенжері арқылы жіберілген. Бұл құжаттар оған қосымша электронды поштамен жіберіледі деп те ескертілген.

Шақырту түспей тұрып күндіз белсендінің жұмысына полиция мен санэпидқадағалау басқармасының өкілдері барған. Алайда экобелсенді хаттамаға қол қоюдан бас тартқан. Оның айтуынша, санэпидбасқарма өкілі оның "митинг ұйымдастырушысы екенін кім және қалай анықтады?" деген сұраққа нақты жауап бермеген.

Бірнеше күн бұрын да полиция қызметкерлері Сочневке шақырту беруге тырысқан, бірақ ол алмай қойған. Себебі белсендінің сөзіне қарағанда, шақырту қағазы ережеге сәйкес толтырылмаған.

Экобелсенді мұны қысым ретінде бағалайды және өзіне тағылған айыппен келіспейді.

— Билікке бір нәрсені өткізу керек болғанда, әрқашан өздерін ақтауға дайын. Ал жұрт өзінің құқықтарын талап етіп шықса, карантин талаптарын көлденең тарта бастайды. Экобелсендіге айыппұл сала салады. Ал қалада улы қалдықтардың сақталып жатқанына бір жылдан асты, оған шағымданып та келеміз. Ал санэпидқадағалау басқармасының онымен шаруасы жоқ. Міне, осындай екіжүзділік бар. Халықтың наразылығын басқысы келетін болар, себебі біз әлі зауыт құрылысы бойынша қандай шешім шығаратынын білмейміз ғой. Мүмкін, осылайша азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген талпынысын жойғысы келетін шығар, – дейді Сочнев Азаттыққа.

12 маусымда Степногорск пен оған жапсарлас жатқан елді мекендерде тұратын жүзден астам тұрғын өнеркәсіптік қалдықтарды өртейтін зауыт құрылысына қарсылық білдіру үшін жиналған. Наразылар шара кезінде медициналық маска тағып тұрды. Жиналғандар "Біздің өмір сүргіміз келеді!", "Балалар таза ауа жұтуы тиіс!" деп ұрандатқан. Кейбірі "Степногорск мола емес", "Біз ПХД мен зауытқа қарсымыз" деген жазуы бар қағаздар ұстап тұрды.

Зауыттың қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы бойынша өткен қоғамдық тыңдауға халықтың көңілі толмады, себебі барлығына пікір айтуға мүмкіндік берілмеген. Кейін Степногорск әкімдігі ресми сайтында "жобаны қала аумағында жүзеге асыруға тыйым салынды" деген ақпаратты жариялады. БҰҰ-мен жобаны бірігіп жүзеге асыратын экология министрлігі және қалдықты жоюмен айналысатын "ЭкоЛюкс-Ас" компаниясы мәселеге түсініктеме бермеді. Бұған дейін кешен құрылысы биыл басталуы тиіс деп хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG