Роскомнадзор Google компаниясына хат жолдап, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың "Ақылмен дауыс беру" жобасы сайтын жабуды талап етті. Бұл туралы ведомство заңгер Андрей Еланцевке жолдаған жауабында жазған. Мәселеге алғашқылардың бірі болып "Коммерсантъ" басылымы назар аударды. Роскомнадзор ресурс қолданушылардың жеке деректерін өңдеу туралы ережелерді бұзады деп санайды.
Екатеринбургтегі "Репутация" құқықтық орталығының жетекшісі Андрей Еланцевтің сөзіне қарағанда, ол "Ақылмен дауыс беру" жобасының сервері АҚШ-та орналасқанын білгеннен кейін Роскомнадзорға жүгінген. Заңгердің пікірінше, "Ақылмен дауыс беру" сайты "Ресей азаматтарының жеке мәліметтерін жасырын түрде жинап келген" және онда мол мәлімет бар.
Жоба сайтында өзге мәліметтермен қатар, азаматтардың төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, мекенжайлары және электронды пошталары жинақталады.
Алексей Навальный "Ақылмен дауыс беру" жобасын 2018 жылғы сайлаудан кейін "Единая Россия" партиясының "монополиясын" жою үшін құрған. Жоба қолданушыларға "Единая Россия" кандидатын толық жеңуге мүмкіндігі бар нақты бір кандидатқа дауыс беруді ұсынады. Сайт іске қосылғаннан кейін Роскомнадзор оның жеке мәлімет туралы заңнаманы бұзатынын алға тартып, сот арқылы жабуға тырысты. Кейін сайт Google иелігіндегі appspot.com доменіндегі жаңа мекенжайға көшіріліп, жұмысын жалғастыра берді.
"Ақылмен дауыс беру" стратегиясы 2019 және 2020 жылғы сайлауалды кампаниялары кезінде атап айтқанда, Мәскеу қалалық думасы мен Томск мен Новосибирск қалалық парламентіне сайлау кезінде қолданылды. Аталған аумақтарда Алексей Навальныйдың жақтастары жергілікті заң шығару органдарының мандатына ие болды. Саясаткердің жақтастары жобаны қыркүйек айында мемлекеттік дума сайлауы кезінде де пайдалануды жоспарлап отыр.
Алексей Навальный құрған штабтар мен қорлар "экстремистік ұйым" ретінде танылмай тұрып, яғни, 2020 жылы көктемде жақтастары штабтарды таратып, бар күшті "Ақылмен дауыс беруге" бағыттайтынын мәлімдеген. Олардың айтуынша, жоба интернетте болғандықтан оны жою мүмкін емес. Сарапшылардың пікірінше, Telegram мен WhatsApp-тағы чат-боттарды пайдалану іс жүзінде жобаның бұғатталуына мүмкіндік бермейді.
2021 жылы жаңа заңдар қабылданғаннан кейін Роскомнадзорда сайттарды сот арқылы ғана емес, атқару органдарының сұранысы бойынша да бұғаттау мүмкіндігі пайда болды.
ПІКІРЛЕР