Сәрсенбі күні кешке Оралда үш адам "саяси тұтқындарды" қолдап, аштық акциясын жариялады. Олар азаматтық белсенділерді қудаламауды және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімінің күшін жоюды талап етті.
Маруа Ескендірова, Амангелді Оразбаев және Дастан Бәженов сәрсенбі түнгі сағат ондар шамасында аштық акциясын бастап, талаптары орындалмайынша аштықты тоқтатпайтынын мәлімдеді.
— Бізді ауруханаға алып кеткенше осында отыра береміз. "Көше партиясы" және ҚДТ (екі қозғалыс та елде "экстремистік ұйым" деп танылған – авт.) қозғалыстарын бейбіт оппозиция деп тануды талап етеміз. Биліктен барлық саяси тұтқындарды босатуды және азаматтарды саяси белсенділігі үшін, билікті сынағаны үшін қудаламауды талап етеміз, – деді Маруа Ескендірова Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін Алматы және Нұр-Сұлтандағы бірқатар белсенділер де осыған ұқсас аштық акциясын жариялаған. Алматыда жеті адам жексенбі күні "Көше партиясы" қозғалысына шыққан сот шешіміне құқықтық баға беруді сұраған. Одан бөлек, сот шешімінің күшін жоюды, белсенділерге қозғалған қылмыстық істерді тоқтатуды талап еткен. Кейін олардың акциясын астаналық белсенділер де қолдады.
Белсенділер аштық жариялады. Олар "Көше партиясына" салынған тыйымды алуды талап етеді (22 маусым 2021 жыл).
Қазақстан билігі шетелге қашқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Бас прокуратура "Көше партиясы" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал "Көше партиясының" белсенділері өздерін "тәуелсізбіз" дейді. Оларға шыққан сот шешімдері жарияланған жоқ. Бірақ Еуропарламент аталған екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қозғалыс жақтастары билік өздерін саяси себеппен қудалап отыр деп санайды, себебі аталған екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқару жүйесін жойып, парламенттік жүйеге өтуді көздейді.
Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" аталған қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, қарардың қабылданғанына бірнеше ай болса да, Нұр-Сұлтан бұл бағытта ешқандай қадам жасамаған. Ал белсенділерді қудалау жалғасып жатыр. Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, "Көше партиясы" мен ҚДТ-ға қатысы бар деп айыпталғандар 300 адамға жетуі мүмкін. Бірақ олардың нақты саны белгісіз.
ПІКІРЛЕР