Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр, бір күнде 29 адам қайтыс болды


Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар тағы көбейді. 30 маусымда 2436 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 400 адамға көп.

Сәрсенбі күні науқастардың шамамен үштен бірі Нұр-Сұлтаннан анықталған. Мұнда бір күнде 807 адамның коронавирус тесті расталған. Қарағандыда – 394, Алматыда – 305, Батыс Қазақстан облысында – 121, Шымкентте – 143, Атырау облысында 98 науқас тіркелген. Ең аз науқас Солтүстік Қазақстанда (20) тіркелген.

Қазақстанда "үндістандық штамның" таралып жатқаны жайлы ақпарат шыққалы бері коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі өткен аптадан бері науқастар 39 пайызға ұлғайғанын хабарлаған.

29 маусымда 88 адамнан пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі (коронавирус пневмониясы) анықталған. Бір күнде 29 адам коронавирустан қайтыс болған: 26 адам – коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 425 573 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 4 375 адам қайтыс болған. 1 тамыздан бері 57 113 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 3 449-ы қайтыс болған.

Қазір 26 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Басым бөлігінің ПТР тесті оң шыққан.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бірінші дозасын алғандар 3 млн 413 мың адамға жетті. 2 млн адамға вакцинаның екі дозасы салынған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 182 млн 151 мың адам коронавирус ауруына шалдыққан. 3 млн 945 мың адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Қазақстан әлемде 45-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG