Accessibility links

АҚШ Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан Америка әскеріне көмектескен ауғандарды "орналастыруды сұрайды"


АҚШ билігі Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан Ауғанстанда америкалық әскерилерге көмектескен ауғандарды уақытша орналастыруды сұраған. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған Bloomberg сайты жазды.

Вашингтон АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарған соң Талибан америкалық әскерилерге қол ұшын берген ауғандарды жазалайды деп қауіптенеді.

АҚШ-тың бұл ұсынысы жайлы ресми хабарланған жоқ, бірақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 1 шілдеде Вашинтонда Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен және Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездескен.

Блинкен Камиловпен кездесуде "Ауғанстанда бейбітшілік орнату жұмысына көмектескені үшін Өзбекстанға алғыс айтқан".

АҚШ Ауғанстандағы әскерилерін 11 қыркүйекке дейін толық әкетпек. Кейінгі кезде бұл елде билік әскерилері мен тәліптер арасында қақтығыс болып жатыр. БҰҰ есебінше, кейінгі айда "Талибан" Ауғанстан аумағының 70 пайызына бақылау орнатқан.

АҚШ әскерилеріне көмектескен ауғандықтар (көлік жүргізушілері, құрылысшылар, аудармашылар, басқа да мамандар) қазір қауіпсіздігіне алаңдайды. АҚШ билігінің есебінше, қазір Ауғанстанда тәліптердің қаупі төніп тұрған 9000 мың адам (отбасыларымен қоса алғанда) бар.

Бұған дейін АҚШ Ирактағы соғыста көмектескен жергілікті тұрғындарға саяси баспана мен грин-карта берген. Бірақ кейінгі кезде Конгресс арнайы иммиграция визасының санын шектегендіктен ауғандарға көшіріп алу жағы қиын болып тұр.

Блинкен Конгрестен арнайы иммиграция визасына қойылған шектеуді өсіріп, 8 мың ауғанға виза беруді сұрағанын айтты. Бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Bloomberg сайтының жазуынша, қазір АҚШ басқа елдерден ауғандарды уақытша орналастыру жағынан көмек сұрап жатыр.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс "Ауғанстандағы әскерімізді толық әкеткенге дейін ауғандар мен олардың отбасы да басқа елге шығып үлгереді" деген.

Кейбір ресми өкілдер ауғандарды Тының мұхитындағы Гуам аралына уақытша орналастыруды да ұсынған. Bloomberg "АҚШ Гуам идеясына аса көңіл бөліп отырған жоқ" деп жазады.

"Виза күтіп отырған ауғандарды [Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанға уақытша орналастыру] жаңалығы таң қалдырды. Бізді ертерек Ауғанстаннан алып кетеді деп үміттенеміз, себебі мұнда жағдай қиындап барады. Бұл елдер Ауғанстаннан қарағанда әлдеқайда қауіпсіз" деді АҚШ қаржыландыратын жобаның ауған қызметкері Амин Рахими.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG