Accessibility links

Канадада шерушілер Виктория және ІІ Елизавета патшайымдардың ескерткішін құлатты


Тұғырынан алынған Виктория патшайымның ескерткіші жерде жатыр.
Тұғырынан алынған Виктория патшайымның ескерткіші жерде жатыр.

Канаданың Виннипег қаласында наразылық акциясына қатысушылар екі британ патшайымы – 19-ғасырда британ империясын билеген Викторияның және қазіргі патшайым әрі Канада мемлекеті басшысы саналатын ІІ Елизаветаның ескерткіштерін құлатты.

Бұл ескерткіштерді құлатуға британ империясы Канадада жүргізген отарлау саясатының мұрасына, соның ішінде елдің байырғы тұрғындарына деген қарым-қатынасына деген наразылық себеп болған.

Кейінгі апталарда елдің байырғы тұрғындарының балаларына арнап салынған бұрынғы католик шіркеуіне қарасты интернаттар аумағынан жаппай көмілген адам сүйектері табылған. Үш жасар және одан ересек жүздеген бала 1900-1970 жылдар аралығында жерленген болуы мүмкін деген болжам бар. Ол кезде мемлекеттік мектеп-интернаттар байырғы тұрғындардың балаларын мәжбүрлі түрде ассимиляцияландырып, оларды төл мәдениеті мен ана тілінен айыруды көздеген саясаттың құрамдас бөлшегі болды.

  • Балалар негізінен қалай болса солай сапасыз салынған, жылытылмайтын, өте лас интернаттағы ауыр жағдайды көтере алмай көз жұмған.
  • Канадада ассимиляция бағдарламасы 1863 жылдан 1998 жылға дейін қолданыста болды. Осы кезең ішінде билік ата-анасынан тартып алған 150 мыңнан астам үндіс баласын интернаттарға орналастырды. Оларға интернатта ана тілінде сөйлеуге тыйым салды және ұлттық салт-дәстүрінен айырды.
  • 2008 жылы Канада билігі құрған комиссия интернатты бітіріп шыққан балалардың көбі өзі шыққан ортаға оралмағанын айтып, мәжбүрлі ассимиляция саясатын "мәдени геноцид" деп атаған.

Канаданың көп қаласында наразылық акциясына шыққандар отарлау кезеңінің қалдығымен күресуді талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG