Accessibility links

Вильнюс: Минск Литваға заңсыз мигранттарды әдейі жіберіп отыр


Литваның Беларусьпен шекарасында ұсталған заңсыз мигранттар.
Литваның Беларусьпен шекарасында ұсталған заңсыз мигранттар.

Литва шекара қызметінің өкілдері Беларусьпен шекараны кесіп өтпек болған заңсыз мигранттар тобына қарсы жас ағызатын газ шашып, әуеге оқ атқан. Бұл туралы сенбі күні шекарашылардың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми орган Друскининкая муниципалитетінде шекарадан заңсыз өткен 111 адам ұсталғанын айтады.

Кейінгі екі күнде осы өңірде Литва шекарашылары 179 шетелдікті ұстаған. Алдын ала мәлімет бойынша, мигранттардың арасында бірнеше елдің, соның ішінде Үндістан мен Гамбия азаматтары болған.

Литва билігі Беларусьпен шекарасы арқылы мигранттар ағыны толастамай тұрғанын мәлімдеді. Вильнюс Минск мұны Батыстың авторитар билеуші Александр Лукашенкоға демократияшыл белсенділер мен оппозициялық саясаткерлерді басып-жаншығаны үшін салған санкцияларына жауап ретінде әдейі ұйымдастырып отыр дейді.

Литва мемлекеттік шекара қызметі 2-шілдеде жасаған мәлімдемесінде кейінгі 24 сағат ішінде Беларусь-Литва шекарасынан заңсыз өтпек болған 150 мигрант ұсталғанын, бұл былтыр жыл бойы шекараны өтпек болғанда ұсталғандар санынан екі еседей көп екенін айтты. Қаңтардан бастап Беларусьтан Литва аумағына заңсыз енгені үшін ұсталған иммигранттардың жалпы саны қазір 822 адамға жеткен, көпшілігі – Ирактан келгендер.

Вильнюс шекаралас аймақтарға мигранттар толассыз келіп жатқанын әрі Беларусь шекарашылары Еуропа одағына мүше Литваның аумағына заңсыз мигранттардың өтуіне көз жұма қарап отырғанын айтады. Былтыр тамызда өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Минск Беларусьтің 66 жастағы өктемшіл билеушісі Лукашенконың алтыншы рет президент болып сайланғанын жариялағанда сайлаушылардың көбі қарсы шықты.

Олар сайлаудың ресми қорытындысы Лукашенконың пайдасына заңсыз бұрмаланған деп мәлімдеп, мұның соңы бұрын-соңды болмаған наразылықтарға ұласты. Осыдан кейін Литва Лукашенконы қатты сынаушы әрі оның оппоненттеріне қолдау білдіруші елдердің біріне айналған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG