Accessibility links

Шымкент соты белсенді Ерғали Құлбаевты 12 күнге қамады


Азаматтық белсенділер Ерғали Құлбаев (сол жақта) пен Нұржан Мұхаммедов Қаратау аудандық сот ғимаратының алдында тұр. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.
Азаматтық белсенділер Ерғали Құлбаев (сол жақта) пен Нұржан Мұхаммедов Қаратау аудандық сот ғимаратының алдында тұр. Шымкент, 3 қыркүйек 2019 жыл.

3 шілде күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 12 күнге қамады.

Әкімшілік сот өкілі Ерік Сиқымбаев азамат Құлбаевтың Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-бөлігі бойынша сотталғанын растады.

Ерғали Құлбаевтың сөзінше, сенбі күні таңертең оны Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына шақырған. Қалалық ішкі саясат басқармасы 15 маусым күні алты ай бойы қамауда жатып, бостандығы шектелген азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовті түрмеден күтіп алған кезде заңсыз митинг өткенін, оған Құлбаевтың қатысы барын айтып арызданған. Осы арыз негізінде полиция хаттама толтырған.

- Меніңше, бұл 6 шілде күні өтеді деген митингімен байланысты. Тағылған айыппен келіспеймін, мойындамаймын, - дейді белсенді.

Ерғали Құлбаев жыл басынан бері "заңсыз митингіге қатысқаны" үшін осымен төртінші рет сотталды. Ол бұған дейін "жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге" қарсы шығып, "Қытай экспансиясына", "елді саяси тұтқындарға бостандық" талап ету сияқты түрлі наразылық шарасына қатысатын.

15 маусым күні Шымкенттің Қаратау аудандық сотында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "полицияны қорлады" деп айыпталған белсенді Нұржан Мұхаммедовке үкім оқылды. Сот белсендінің бостандығын екі жылға шектеп, үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына тыйым салды.

Бұған қоса сот Құлбаевты 140 сағат қоғамдық жұмыс істеуге және сот шығыны ретінде 27 мың теңге төлеуге міндеттеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты 6 шілдеге (астана күні, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні) митинг-монстрацияға шақырған. Құқық қорғаушылар осы қарсылық шарасы алдында белсенділерді қудалау көбейгенін айтады.

Еуропарламент қарарында ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG