4 шілде күні таңертең Қызылорда қаласы Қарауылтөбе ауылынан 12 шақырым жерде күріш алқаптарын өңдеу кезінде АН-2 ұшағы құлады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, ұшақ әуеге көтеріліп, бірнеше шақырымнан соң техникалық ақау салдарынан қонуға мәжбүр болған, қонар кезде егіннің үстіне құлаған.
"Ұшақ бортында 1954 және 1967 жылдары туған екі пилот болған. Олар ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық" делінген министрлік баспасөз хабарламасында.
Ұшақ "Илиса" жауапкерлігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. ТАСС агенттігінің жазуынша, Қазақстанда 290 дана Ан-2 ұшағы қолданыста.
Наурызда Алматы түбінде ұлттық қауіпсіздік қызметіне тиесілі Ан-24 ұшағы құлап, бортта болған 6 адамның төртеуі қаза тапқан.
Ал ақпанның соңында Боралдай-Кеген бағыты бойынша санитарлық рейспен ұшақпен АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Ұшақ бортында болған бес адам аман қалған. Осыған ұқсас жағдай 8 ақпан күні де болған. Өскемен-Зайсан бағытында ұшқан Ан-2 ұшағы да шұғыл қонуға мәжбүр болған.
ПІКІРЛЕР